«Хостелдегі өрт самокатты қуаттағанан шығуы мүмкін бе? Өйткені оқиға орнына барған кезде, құтқарушылардың бірі өрттің шығуына самокатты қуаттағаннан болуы мүмкін деген болжам айтты. Сондай-ақ, бұл хостелде темекі шегуге де рұқсат берілген екен». Бұл журналистердің Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа қойған сауалдары.
Журналистердің сұрақтарына жауап беруге талпынған Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт болған хостелде әлі де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бүгін Алматы қаласының Өңірлік Коммуникациялар Қызметінде баспасөз маслихатын өткізген құтқарушылар, әкімдік өкілдері өрттің шығу және адам өлімінің себептерін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалғанын айтты. Министрдің айтуынша, хостелде ортопедиялық матрастың көптігінен жертөледе жатқан адамдардың далаға шығып кетуі өте қиын болған.
“ Жүргізілген барлау нәтижесінде жертөледе қаза тапқан азаматтардың 13 мәйіті табылды. Тар жолдар, тыныс алуға жарамсыз орта, қалың түтін болғандықтан, жұмыс қиындай түсті. Мұның бәрі өртті сөндіруге, барлау жүргізуге және адамдардың тез табылуына кедергі болды. Осыған қарамастан, өртке қарсы қызмет бөлімшесі өз жұмысын аяқтады. Өрт жертөленің дәліз бөлмесінде болды. Жертөледе жинақталған көп ортопедиялық матрас болды, олар үлкен өрт жүктемесін жасады. Шынында да, жертөледе жүргендердің қашып кету мүмкіндігі өте аз болды. Оларды біздің өрт сөндірушілер құтқарды», – деді Шәріпханов.
Сондай-ақ, хостелде өрт кезінде қаза тапқан Қазақстан азаматтарының отбасыларына 1 млн теңгеден бөлінеді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев мәлімдеді.
«Қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлінетін болады. Сондай-ақ, бұрын айтылғандай, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша әкімдік қаза тапқандардың денелерін көрсетілген жерлерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға жәрдемдесетін болады. Бұдан басқа, жерлеу процесін қоса алғанда, Алматы қаласының аумағында жерлеуді ұйымдастыруға толық жәрдем жасалады», – деді Айдар Жақыбаев.
Қаза тапқан шетел азаматтарының отбасыларына мәйіттерді жерлеу орындарына дейін тасымалдауға көмек көрсетілетін болады.
Айта кетейік, бүгін Алматыда өрттен 13 адам қайтыс болды.
Өрт кезінде 13 адам қайтыс болған ғимарат Халық банкке тиесілі екендігі анықталды.
Сонымен қатар, Алматыдағы өрт шыққан хостелдің заңсыз орналасқаны белгілі болды.
13 адамның өмірін жалмаған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны Бас прокурор өз бақылауына алды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.