Соңғы тәулікте Қарашығанақ кен орнындағы мұнай өндірісі 34% – 23,8 мың тоннаға дейін төмендеген. Бұл туралы «Отын-энергетика кешенін ситуациялық талдау орталығы» хабарлады.
«ТШО мен NCOC-тан кейін тағы бір ірі қазақстандық компания – Қарашығанақ Петролеум Оперейтин мұнай өндіру көлемін қысқартты. Оған КҚҚ-ның Новороссийск портындағы ауа райы жағдайына байланысты танкерлерге мұнай құюды тоқтатуы себеп. Мәселен, 29 қарашада ҚПО-да тәуліктік өндірістің төмендеуі 34%-ды құрап, 36-дан 23,8 мың тоннаға дейін азайды. ТШО-дағы өндіріс 67% (83,4-тен 27,2 мың тоннаға), NCOC-тағы мұнай өндірісі 65% (54-тен 18,6 мың тоннаға дейін) азайды», – делінген хабарламада.
Ситуациялық талдау орталығының мәліметі бойынша, 29 қарашада өндіріс көлемі 153,8 мың тонна мұнай және 107,9 млн текше метр газды құраған. Салыстырар болсақ, 26 қарашада 253 мың тонна мұнай мен 175,5 млн текше метр газ өндірілген.
КҚК арқылы Қазақстанның ең ірі мұнай кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан шыққан мұнай экспортталады.
Бұған дейін Қара теңіздегі дауыл салдарынан Қашағандағы мұнай өндірісі 38 пайызға қысқарғаны хабарланды.
26 қараша күні қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Каспий Құбыр консорциуымы мұнай қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын. Оған Қара теңіздегі қолайсыз ауа райы мен дауыл себеп. Мұндай ауа райында КҚК мұнай тиеп жөнелтпейді. Ал терминалдағы танкерлер мұнайға толы. Соның салдарынан Қазақстандағы мұнай өндірісі қатты қысқарып жатыр.