Жаңалықтар

Қазақтелеком жай және артықшылығы бар акциялары үшін дивиденд төледі

Қазақтелеком қанша дивиденд төлейді? Фото: компанияның баспасөз қызметі

Қазақтелеком 2022 жылға жай және артықшылығы бар акциялар бойынша дивиденд төледі. Төленген дивиденд көлемі 33, 4 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратта жазылған.

Бөлінбеген пайдадан дивиденд төлеу туралы шешім акционерлер қоғамының 27 қазандағы кезектен тыс жиналысында қабылданған.

Қарапайым 1 акция үшін 3 038,36 теңге төленген. Жалпы сомасы – 32,5 млрд теңге. Ал артықшылығы бар 1 акция үшін 2 738,36 теңге көлемінде дивиденд бөлінген.

Артықшылығы бар акциялар бойынша жалпы сомасы 818,2 млн теңге дивиденд төленген.

«Қазақтелеком» АҚ негізі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры. Оған компания акцияларының 79,24%-ы тиесілі. 9 пайыз акциясын First Heartland Jusan Bank иеленеді.

Бұған дейін компания дивиденд төлеуге 33,4 млрд теңге бөлетінін хабарлаған болатын. «Самұрық-Қазына» АҚ орналастырылған жай акциялардың 79,24%-ын(8 655 561 жай акция) иеленетінін ескере отырып, компания дивиденд түрінде 26,3 млрд теңге алатыны хабарланған.

2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» кірісін 6 пайызға немесе 30 млрд теңгеге өсіріп, жалпы 504 млрд теңгеге жеткізді.