Жаңалықтар

Кеншілердің қосымша жәрдемақысына бюджеттен 85 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді

2024 жылдан бастап зиянды жұмыста істейтін жұмысшылар арнайы жәрдемақы ала бастайды / Фото: kursiv.media

Шахтерлердің қосымша жәрдемақысын төлеуге 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 85 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» жарияланған құжатта айтылған.

Бұл құжатқа сәйкес, кеншілерге 2024 жылдан бастап арнайы жәрдемақы төлене бастайды. Бұл төлемді зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады.

Бұл жобаны қабылдаудағы басты мақсат – жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік жағадайын жақсарту тетіктерін жетілдіру.

Осыған орай республикалық бюджет комиссиясы алдағы екі жылда жұмысшыларға төленетін қаражат көлемін бекіткен.

«Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен шығыстар 84 754,8 млн теңгені құрайды. Бұл қаражатты республикалық бюджет комиссиясы мақұлдады», – делінген құжат түсіндірмесінде.

Еске сала кетсек, арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады.

Арнайы әлеуметтік төлем 4 жолмен:

  • Республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен;
  • Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • Жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде беріледі.

Сонымен бірге құжатқа сәйкес, зейнетақы жинақтары жеткілікті азаматтар ертерек зейнетке шыға алады. Жеткілікті жинақ мөлшері ерлер үшін – 5,3 млн теңге, әйелдер үшін-6,8 млн теңгені құрайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 2024 жылдан бастап сақтандыру ұйымдары да қосымша ақы төлей бастайды. Сонымен бірге жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттары бойынша зардап шеккен қызметкердің денсаулығын оңалту және қалпына келтіру шығыстарын өтеуге төлемдер алу мүмкіндігі кеңейтіледі және зардап шеккен барлық қызметкерге санаторийлік-курорттық емделуі төленеді.

Бұл бұйрық 14 желтоқсанға дейін талқылауда болып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.