Солтүстік Қазақстанда сепартизмге жол берілмейді. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты.
«Солтүстік Қазақстан облысында сепартизммен байланысты бірнеше жағдай тіркелді. «Петропавл қаласының халықтық кеңесі» құрылып, өзінің Қазақстаннан тәуелсіз екенін мәлімдегені бәріміздің есімізде. Мұндай жағдайлар немен байланысты және не себепті көп жағдайда Солтүстік Қазақстанда жиі тіркеледі? Неге көбінде басқа елге соғыс ашқан көршімен шекаралас облыста тұратын қазақстандықтар Қазақстаннан бөлінгісі келіп тұрады? Әкім ретінде бұл мәселенің алдын-алуға қандай қадамдар жасалып жатыр?», – деп сұрады журналист.
Әкім сепаратизм үшін кез-келген адам заңмен жауапқа тартылатынын, бұл мәселені еліміздің құқық қорғау органдары жіті қадағалайтынын айтты. Ал Солтүстік Қазақстанда бұл мәселемен қосымша Қазақстан Халық ассамблеясы айналысады екен.
«Бұл – өте орынды қойылған сұрақ. Біздің құқықтық елімізде сепаратизм үшін жауапқа тартатын арнайы баптар бар. Бағымызға қарай, мұндай жағдайлар көп тіркелген емес. Сіз айтып отырған жағдай біздің облыста болғаны, рас. Сот процесі біраз уақыт жүргенін өздеріңіз де білесіздер. Өткен аптада ғана бұл істің басты ұйымдастырушысы, заңды бұзған Зудерманға қатысты сот үкімі шығарылды. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге бұл іске қатысы бар үш адамға сот үкімімен бас бостандығын 7 жылға шектеу жазасы тағайындалды. Біздің облысымызда сепаратизм мәселесімен Қазақстан халық ассамблеясы айналысады. Ассамблея жанынан арнайы мәдени орталықтар жұмыс істейді. Ондай орталықтардың жұмысымен өзім барып таныстым. Онда әр ұлттан жиналған мамандар жұмыс істеп, мониторинг жүргізіп отырады. Сонымен бірге еліміздің құқық қорғау органдары бар. Олар да барлық тұрғыдан мұндай жағдайларды жіті қадағалап, назарынан тыс қалдырмайтыны анық. Егер қандай да бір сепаратизмге қатысты оқиға анықталса, ол Қазақстан заңымен реттеледі», – деді өңір басшысы.
Осы жиында әкім Петропавлдағы Клебановқа тиесілі, мұржасы қисық қаланған ЖЭО-2 құрылысы келесі жылғы жылыту маусымына дейін қолдануға берілетінін айтты. Ол сонымен бірге бұл жұмыстарға мемлекет ақшасы шығындалмағанын да атап өтті. Оның айтуынша, бүкіл қаражат инвесторлардың өз қалтасынан шығарылып жатыр.