2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң бекітіледі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 9 пайызға көтеріледі.
Келесі жылдан бастап зейнетақы жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 9 пайызға артады.
«Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бөлінген қаражат олардың сомаларының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға ұлғаюын ескере отырып қамтамасыз етілсін»,- делінген құжатта.
Сонымен бірге жаңа жылдан бастап, ең төменгі жалақы – 85 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге, ал базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге көлемінде бекітілмек.
2024 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2 000 000 000 мың теңге сомасында кепiлдi трансферт бөлінетіні жазылған. Сонымен бірге президент айқындайтын мақсаттарға да Ұлттық қордан қомақты сома қарастырылған.
«2024 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мақсаттарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 1 600 000 000 мың теңге сомасында нысаналы трансферт көзделсiн»,- делінген құжатта.
Сонымен бірге бюджет туралы құжатта мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қанша қаражат жұмсайтыны жазылған. Яғни 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мемлекет жарналарының мөлшері – мемлекеттік жарналарды есептеу объектісінің 1,9 пайызы көлемінде бекітілмек.
Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2024 жылға арналған бюджеттеріне берілетін нысаналы ағымдағы трансферттерді бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалып, мына салаларға бағытталуы мүмкін:
- табиғатты қорғау және арнайы мекемелер қызметкерлерінің жалақысын арттыру;
- эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу;
- ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін құралдарды (өнімдерді) және атрибуттарды сатып алу;
- Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту;
- еңбек ресурстарының ұтқырлығы орталықтарының қызметін қамтамасыз ету;
- мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру;
- мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін ауылдық мектептерде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды жүзеге асыру;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге берілетін мемлекеттік стипендияның мөлшерін арттыру;
- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру;
- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде денсаулық сақтау объектілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу;
- радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою;
- Астана қаласына іргелес елді мекендердің көлік инфрақұрылымын жөндеу;
- халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй сатып алу;
- аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдерінің сайлауын қамтамасыз ету және өткізу;
- мемлекеттiк қызметшiлердiң жекелеген санаттарының, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерiнiң және қазыналық кәсiпорын қызметкерлерінің жалақысын арттыру.
Еске сала кетсек, 2024 жылдан бастап шахтерлар зейнетке 55 жасынан шыға алады. Ол үшін жұмысшылардың 7 жыл міндетті кәсіптік жарнасы болуы керек. Жалпы, зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалатынын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтқан болатын.