Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол сонымен қатар, компанияны инвестор 286 млн долларға бағалағанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев.
Оның дерегінше, келіссөздер процесі жалпы 11 раундқа созылды, оның жетеуі 2023 жылдың қыркүйегінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылғаннан кейін өтті. Дәл осы кезеңде екі тарап та ортақ мәмілеге келген.
Шарлапаевтың сөзінше келіссөз барысында компанияның бұрынғы акционерлері ArcelorMittal 3,5 миллиард доллар сұратқан. «Бұл Әділет министрлігі тартқан халықаралық кеңесшілердің есептеулеріне сәйкес келмеді» деп атап өтті.
«Мемлекет активтердің құнын 3,5 млрд-тан 286 млн долларға дейін төмендетті. Мәмілені іске асыруға бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ»,– деді Шарлапаев.
Айтуынша, ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды және келісімге халықаралық заңнамаға толық сәйкес құқықтық алаң аясында қол жеткізілген.
«Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдағы төрт жыл ішінде қысқа мерзімді 250 млн доллар қарызды жабу және 450 млн доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерін өз мойнына алады. Атап айтуымыз керек, 286 миллион доллар ― бұл толыққанды жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны десек болады»,– деп мәлімдеді Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрі ArcelorMittal өкілдері «Қазақстан халқына” қайырымдылық қорын қаражат аударатыныны да жеткізді.
«ArcelorMittal өкілдері «Қазақстан халқына” қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңгеге (34,6 млн АҚШ доллары) жарна аударуға көндірдік. Қорға АМТ-дан түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге және өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларын дамытуға бағытталады. Осы соманың 50%-ы Теміртау қаласын дамыту мақсатында қолданылады», – деді Қанат Шарлапаев.
Айта кету керек, ArcelorMittal Temirtau компаниясында болған ірі апат салдарынан тамызда 11 адам, қазанда 46 кеші қаза тапты. Тамызда болған апаттан кейін үкімет түлкібұлғаққа салып, компанияның қашан және қандай жағдайда мемлекетке қайтарылатынын, жаңа инвесторы кім болатынын да бірден ашық айтпады.
Мәселен, қазандағы апат болмай тұрып, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыруы үшін оның инвесторын ауыстыру шарт емес екенін айтты.
«Бұл үлкен трагедия екенін түсініп отырмыз. Біз не істегіміз келеді? Болашақта мұндай өлім-жітім болмауын және кәсіпорында технологиялық қауіпсіздікті нығайтқымыз келеді», – деп түйіндеді сөзін министр.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» инвесторын елден қуу мақсатын көздемейтінін айтты.
«Бұл компаниямен бірдеңе жасау керек, өйткені олар бұл режимде жұмыс істей алмайды. Мақсат – инвесторды қуу емес. Мақсат – «Арселорды» құтқару. «Негізінен инвестордың кетпегені дұрыс. Олар барлық талаптарға сай болса, жұмыс істей алады. егер талаптарға сай келмесе, шешім қабылдануы керек. Шарлапаев мырза, бұл туралы айтты, халықаралық стандарттар бойынша біздің азаматтардың құқықтары сақталуы керек. Әсіресе, өндірісте жұмыс істейтін жұмысшыларға қалыпты еңбек жағдай жасалуы керек. Осының бәрі сақталса, инвесторға ешқандай сұрағымыз болмайды», деген болатын Жамаубаев.
Алайда, министрлер айтқандай болмады. Үкімет талап етпеген соң, компания да жұмысшылардың жағдайын жақсартуға тырыспаған секілді. Костенко шахтасында болған апатта құрбандар саны «Қазақстан» шахтасында болған апаттан да асып түсті. Бір қызығы, журналистер маусымдағы қасіретті оқиғадан кейін үкімет өкілдерінен «АрселорМиттал Теміртаудың» инвесторы ауыса ма?» деп талай сұрады. Бірақ ешбірі нақты жауап айта алмады.
Мардымды жауап болмаған соң, түрлі қауесеттер тарады. Компанияның ресейлік тау-кен металлургиялық «Северстальға» өтуі мүмкін деген ақпарат пайда болды. Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртаудың» ресейлік «Северстальға» сатылуы туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.
Ал 46 кеншінің өліміне әкелген оқиғадан соң, үкімет шалт қимылдай бастады. Апат болған күні Митталдың АМТ-ны Қазақстанға қайтаратыны белгілі болды. Шарлапаев сол күні дереу ақпарат таратып, «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді. Президент те бұл оқиғадан соң «ArcelorMittal» инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Қанат Шарлапаев «ArselorMittal Temirtau» АҚ жаңа инвесторларына билік тарапынан қандай шарттар қойылатынын айтып берді. Министр қажетті инвестициялар көлемін 3 млрд доллар көлемінде бағалап отыр,аны, алғашқы уақытта ол қаражаттың 1 млрд доллары өндіріс көлемін арттыруға және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтауға жұмсалатынын айтқан болатын. Ал ескі инвестордың елден кетуі үшін қандай шарттар жасағанын әзірге айта алмайтынын, бірақ осы жылдың соңына дейін бұл жұмыстардың аяқталатынын мәлімдеген.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат балқыту жөніндегі халықаралық ArcelorMittal концернінің бөлігі саналады. Компанияның Қазақстандағы 15 көмір және темір рудалары бар.