ЖЭО-лардағы ақаулықтар жойылды / Фото: kursiv.media
Барлық қаладағы ЖЭО-лардағы ақаулар жойылып, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басқарма басшысы Асхат Жақыпов айтты.
«Қазіргі таңда жылу электр орталықтары кестеге сәйкес, температуралық параметрлері сақтаулы режимде жұмыс істеп жатыр. ЖЭО-ларда демалыс күндері ақаулар болды. Екібастұз қаласына келер болсақ, қазіргі таңда 10 қазандықтан 7-еуі жұмыс істеп жатыр. Температуралық режим таңертеңнен бастап көтерілді. Ал Теміртау қаласындағы Bassel Group станциясында да ақаулар болды. Ол жерде де ақаулар жойылып, таңертеңнен бастап станциялар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр»,– деді ол.
Ақтау қаласында да барлық ақаулық жойылды. Министрлік өкілі ЖЭО-лар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Ондағы жөндеу жұмыстары түнгі 1-де аяқталған. Қазіргі таңда жылу жүйесін толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жартылай жылу берілді. Барлық жылу станциясы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деді Жақыпов.
Еске сала кетсек, 10 желтоқсан күні «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС Екібастұз жылу электр орталығында апат болғанын хабарлады. Станцияның күл шығаратын құбырынан ақау шыққан болатын.
Ал 8-ші желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Онда жылу құбырлар жүйесінде апат болған.
Осы мәселеге байланысты Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері Президентке аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді. Тоқаев оларға апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды тапсырды.