Жаңалықтар

Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларының жылусыз қалуы апат емес, технологиялық ақау – Энергетика министрі

Алмасадам Сәтқалиев еліміздің бірқатар жылу орталығында болған жағдайдың себебін айтты/коллаж kursiv.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің бірқатар жылу орталығында болған оқыс жағдайдың себебін осылай түсіндірді.

Оның айтуынша Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларының жылусыз қалуы апат емес, технологиялық ақаудың салдары.

«Өткен аптадан бастап Қазақстанға суық атмосфералық ауаның кіруімен энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау байқалды. Энергетика министрлігінің құзыреті шеңберінде технологиялық ақау Теміртау қаласындағы Bassel Group LLS ЖШС және Екібастұз ЖЭО Риддер ЖЭО, ГРЭС-1-де ғана тіркелді. Бұл нысандарда температура режимі толық көлемде қалпына келтірілді. Технологиялық ақаудың сипатына қарасақ, аталған жағдайдың ешқайсысы апатқа жатпайды», – деді Үкімет отырысында Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрінің мәлімдеуінше, Степногорск, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларының жылу желісіндегі технологиялық ақау дер кезінде жойылды.

Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, үкімет резервінен Риддер, Екібастұз қалаларының ЖЭО, Ақтау қаласының энергия көздеріне, Көкшетау қаласының қазандығына күрделі жөндеу жүргізуге, қажетті жабдық сатып алуға 21,5 млрд теңге бөлінді.

«Кентау қаласының ЖЭО жөндеуге облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа тікелей электр станцияларының меншік иелері шамамен 16,5 млрд теңге қаражат құйды. Осы жылы ұйымдастырылған бірыңғай сатып алушының іске қосылуын ескере отырып, Ресей Федерациясынан электр энергиясының жоспарлы импорты жөндеу жұмыстарының уақытша кезеңінің едәуір ұлғаюымен елдің электр станцияларын күрделі жөндеудің жоғарыда аталған көлемін жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өткім келеді, – деді Энергетика министрі.

Алмасадам Сәтқалиевтің дерегінше, биыл жылыту маусымына дайындық барысында электр станцияларына жөндеу кестесіне сәйкес 8 энергоблокта, 40 қазандықта, 42 турбинада күрделі жөндеу жүргізілді.

«Бүгінгі таңда 2 энергоблокта, 9 қазандықта және 11 турбинада жұмыс жүргізіп жатыр. 25,3 мың шақырым электр беру желілері, 564 қосалқы станция және 3,5 мың тарату пункті күрделі жөндеуден өтті. Министрлік 2023 жылдың маусымынан бастап берілген өтінімдерге сәйкес 25 энергия өндіруші ұйымда электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифті түзетті. Бұл шара электр станцияларын жөндеуге 146,5 млрд теңге тартуға мүмкіндік берді», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Еске сала кетер болсақ,10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да ақау шыққан болатын. Сондай-ақ Степногорск қаласы -30 градус аязда жартылай жылусыз қалған-тын. Энергетика министрлігі аяз бастала салысымен апатқа ұшырап жатқан Ақтау, Балқаш және Екібастұз ЖЭО-ларға қатысты түсініктеме беріп, технологиялық бұзушылықтар ретінде сипаттаған. Осыған байланысты Президент апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті