Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы – 7 пайыз өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Осы орайда, журналистер Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан қазіргі қымбатшылық заманда зейнетақының осылай өсуі жеткілікті ме деп сұрады.
Министрдің айтуынша, заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады.
«9 пайыз. Бұл республикалық бюджет туралы заңда қарастырылған. Егер инфляцияға қатысты қандай да бір өзгеріс болса, бұл көрсеткіш те заң негізінде қайта қаралады. Қазіргі кезде елімізде 2 млн аса зейнеткер бар. Орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңгені құрайды. Ең жоғары зейнетақы 183 мың теңгеге жетеді. Бұл ретте жинақталған зейнетақыны есепке алып отырған жоқпыз», – деді Жақыпова.
«Қазіргі кезде 120 мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе» деген сауалға министр «ең төменгі жалақы 85 мың теңге, сонымен салыстырып көріңіз» деп жауап берді.
Орташа жиынтық зейнетақы 2023 жылғы 1 желтоқсанда 120 838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге. Ең төменгі жалақы қазір 70 мың болса, 2024 жылдан бастап 85 мың теңгені құрайтын болады.
6 желтоқсанда 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң бекітілді. Соған сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 9 пайызға көтеріледі.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап шахтерлар зейнетке 55 жасынан шыға алады. Ол үшін жұмысшылардың 7 жыл міндетті кәсіптік жарнасы болуы керек. Жалпы, зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады.