Қытай АЭС-ті ел үкіметі қарастырып отырған 6 млрд доллардан екі есе арзан: 1,2 ГВт бір блокты 2,3 миллиард долларға салып бере алар еді. Бұл туралы британдық New Nuclear Watch Institute (NNWI) өкілдігінің жетекшісі Бауыржан Ибраев мәлімдеді.
«Негізі қытайлықтар өздерінде АЭС-тің қуаты 1,2 ГВт болатын бір блогын 2,3 миллиард долларға салып жатыр. Ал бұл (1,2 ГВт блок – «Курсив») бізге 6 миллиард долларға түседі деп отырмыз. Неге? Өйткені қытайлықтар бір мезетте 20 блок сала алады. Бұған олардың мүмкіндіктері мен қуаты жетеді, оған қоса арзан шығады. Қазіргі кезде олар жылына 6-дан 10-ға дейін реакторды іске қосып жатыр. Сондықтан қарау керек, олармен жұмыс істеуге болады. Ал біз жоқ деп отырмыз (Қытайдың Қазақстандағы атом электр станциясын салу конкурсына қатысуына қатысты.– «Курсив»)», – деді ол атом энергетикасы мәселелеріне арналған семинарда.
Кейінірек ол «Курсивке» Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) Қазақстанда АЭС алу бойынша шетелдік компаниялар арасындағы конкурсқа қатысуға өтінім бергенін, бірақ өтініш берушілер тізіміне енбегенін айтып өтті.
Оның айтуынша, Қытайдың Қазақстандағы АЭС құрылысының құны жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, сәл қымбат болуы да мүмкін. Дегенмен жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі блок 12 миллиард доллардан арзанға түсер еді.
Энергетика министрлігі бастапқыда бір 1,2 ГВт қондырғының құны 5 миллиард доллар және екі блокты (2,4 ГВт) бүкіл станция үшін 10 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеген. Жыл соңына қарай 12-15 миллиард долларға тең цифрлар айтылып жатыр.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Électricité de France атом-энергетикалық компаниясының өкілдерімен кездесіп, француз тәжірибесімен танысқан еді. Қор мәлімдемесінен түсінгеніміз – EPR120 заманауи реакторы бар EDF ұсынысы Қазақстандағы болашақ АЭС үшін ықтимал қарастырылатын реакторлық технологиялардың қысқа тізіміне кіреді. Сондай-ақ тізімде тағы үш ұсыныс бар екен, олар – қытайлық CNNC, корейлік KHNP және ресейлік «Росатом». Қордың басқарушы директоры Ернат Бердіғұловтың айтуынша, қазақстандық тарап жаңа атом станцияларын салу және пайдалануға қатысты EDF тәжірибесі мен құзыретіне қызығушылық білдіріп отыр.
Биыл тамыз айында Үлкен ауылында алғаш рет АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қатысқандар ортақ мәмілеге келе алмай, жанжалдасып тарқады.
Кейін Энергетика министрлігі Магатэ сарапшылары Үлкен ауылы аймағы АЭС салуға жарамды дегенін мәлімдеді.