Жаңалықтар

Экономика өскенімен, бюджет тапшылығын Ұлттық қор қаржысымен жауып отырмыз – Halyk Finance

Проблемы бюджета

Қазақстан экономикасы биыл соңғы 10 жылдағы рекордты орнатып, 5%-ға жуық өскенімен, ел бюджетінде қаржы тапшы. Оған ел қазынасына мұнай мен шикізаттық емес салықтардан түсетін түсімнің азаюы себеп. Соның салдарынан қазан және қараша айларында бюджеттің жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан бюджетке төтенше түрде 1 триллионнан астам қаражат тартылды. Ел бюджетінің мұнайдан түсетін табысқа тәуелділігін арттыра түсетін шығыстарды қаржыландыру қиындап барады.

Halyk Finance сарапшылары неге алаңдайды?

Осы ретте Halyk Finance сарапшылары бюджетті тұрақтандыруға бағытталған шаралар кеш қолға алынды деп тұжырымдайды.

«Күні кеше Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің жекелеген көрсеткіштері бойынша мәлімет ұсынды. Онда биыл салық түсімінің тапшылығы тенденциясы сақталып отырғаны, ал 2023 жылдың 11 айына арналған республикалық бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру жоспары 94,4% ғана орындалғаны жазылған. Бұл ЖІӨ-нің кейінгі 10 жылдағы ең жоғары (+4,9% жылына) өсіміне қайшы келеді»,  – дейді мамандар.

Бюджетке түсетін түсім жоспары КТС, импортқа салынатын ҚҚС, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға салынатын салықтың азаюынан орындалмаған.

Есесіне салықтық емес түсімдер бойынша жоспар артығымен орындалған. Ол негізінен мемлекеттік акцияларға төленген дивидендтер есебінен қамтамасыз етілген. Ұлттық банктің хабарлауынша, қарашада Ұлттық қор 550 млрд теңгеге ҚМГ акцияларын сатып алып, содан кейін ол бюджетке түсті.

Сарапшылар бұл қаражат бюджетке қазан айындағыдай (500 млрд теңге) мемлекеттік акциялардың дивиденді ретінде түскен деп есептейді. Ұлттық қор қоржынында жинақталған қаражат мұнай секторынан түсетін кірістен тұратынын ескерсек, бюджеттің бұл секторға тәуелділігі бұрынғыдан да артып барады деген сөз.

Айта кетейік, мемлекеттік бюджет кіріс бөлігінің динамикасы 2017 жылдан бері 75 пайызға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,2 трлн теңгеге жеткен.

Екі айда Ұлттық қордан бюджетке қанша қаржы құйылды?

Ұлттық банктің валюта нарығы туралы қазан айындағы ақпараттық хабарламасында республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.

Сосын Ұлттық банк компания акцияларын сатып алуға қазан айында нақты 500 млрд теңге жұмсағанын хабарлады. Ұлттық банк бұл шара Үкімет шешіме негізінде жасалып отырғанын айтады. Осыған дейін Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық банк қордың 1,3 трлн теңге активін қолданып, «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.

Ал қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде валюта сатты. Одан түскен қаражат республикалық бюджетке трансферттер қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алуға жұмсалған.