Стихиялық қоқыстар санын айзатпаған әкімдіктерге 1 сәуірге дейін уақыт берілді / Фото: kursiv.media
Премьер-министр Әлихан Смайылов үш өңірдің әкімдіктеріне стихиялық қоқыстар санын азайтпағаны үшін сөгіс жариялады.
Нақтырақ айтқанда, үкімет басшысы бұл өңірдің әкімдеріне осы мәселеге жауапты орынбасарларға сөгіс жариялауды тапсырды.
«Стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфраққұрылымын дамыту аса өткір тұрған мәселелердің бірі. Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында үкімет отырысында қарағанбыз. Онда бірқатар тапсырмалар берілді. Оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын екі есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы, өңірлерде тиісті жұмыстар жүрып жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялауды тапсырамын»,- деді премьер-министр.
Сондай-ақ аудандар мен қалалардың 75 пайызы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспегенін айтты. Бұл іске жауаптылар да, әкімдерден сөгіс алады.
«Аудандар мен қалалардың 75 пайызы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлемеген. Мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар дайындалмаған. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын.Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауы тиіс»,- деп тапсырды үкімет басшысы.
Премьер-министр бұл мәселені шешуге 1 сәуірге дейін уақыт берді. Бұл мерзімде жоспар орындалмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданатынын ескерте келе, дамыған елдердің үлгісін мысалға келтірді.
«Жалпы, стихиялық қоқыстарды болдырмау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін құрылымды ретке келтіріп отыр. Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану қажет. Қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн»,- деді Смайылов.
Премьер-министр барлық әкімдіктерге 2024 жылдың 1 наурызына дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру мехнизмдерін әзірлеуді тапсырды.
Ал Экология министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, келесі жылғы қаңтардың соңына дейін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауы тиіс. Сонымен бірге жауапты министрліктерге әкімшілік кодекске рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды тастауға қатысты жауапкершілікті күшейту тапсырылды.
Ұлытау облысы премьер министрдің сынына екінші рет ұшырап отыр. Смайылов жалпы Қазақстагн бойынша жылдық жоспардың небәрі 52%-ға орындалғанын айтып, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төменгі көрсеткішті Ұлытау облысы көрсеткенін айтты. Бұл өңір есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған. Осы орайда Үкімет басшысы Ұлытау облысы әкімінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы, бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда, жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешіңіз, ұйымдастырыңыз»,- деді Премьер-Министр.
Ал мұның алдында Үкімет басшысы желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мемлекекеттік органдарды сынға алды. Ол Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылықтарға байланысы ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасады. Ал үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін ТМРК төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.