Жезқазған қаласының әкімдігі 20 желтоқсан күні қаладағы ЖЭО қазандықтарының жағдайы туралы ақпарат берді. Ақпаратқа сәйкес, жағдай біршама тұрақталған. Сол аралықта Энергетика министрлігі де елдегі жалпы жағдайға шолу жасап, есеп берді.
19 желтоқсанда Жезқазған ЖЭО «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-де бесінші және алтыншы қазандық істен шыққан. Бесінші қазандықта таңғы сағат 07:55-те жарықшалар пайда болып, алтыншы қазандықта сағат 10:15-те түтін сорғышының электр қозғалтқышы жанып кеткен.
Осыған дейін 18 желтоқсанда төртінші қазандық жоспарлы түрде тоқтатылған. Ол тек 21:00-де толықтай іске қосылған.
20 желтоқсан күні қала әкімдігі төртінші және бесінші қазандық жұмыс істеп тұрғанын хабарлады, алайда алтыншы қазандық жұмысы туралы нақты ақпарат жоқ.
Сәрсенбі, 20 желтоқсан күні, Энергетика министрлігі жариялаған мониторингте Жезқазғандағы жағдай туралы толық ақпарат жоқ. Тек қаланың резервтік қазандығы бір тәулікке қосылғаны жазылған.
Жезқазғанмен қатар, Кентауда да жылу электр орталығының резервтік қазандығы іске қосылған.
Министрлік ақпаратына сенсек, ел ішінде электр станцияларында 8 энергоблок, 43 қазандық және осындай 43 турбинаға жөндеу жасалған. Көмір қоры 4,9 млн тонна, мазут 108 мың тонна.
Оған қоса, министрлік бюджет есебінен жөнделген ЖЭО тізіп шығыпты. Көкшетау қаласының қазандығын жөндеуге 21,5 млрд теңге, Кентау қаласының ЖЭО жөндеуге облыстық бюджеттен 3,7 млрд бөлінген. Ал электр станцияларының иелері жөндеу жұмыстарына шамамен 16,5 млрдтеңге жұмсаған.
Еске сала кетсек, 10 желтоқсан күні «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС Екібастұз жылу электр орталығында апат болғанын хабарлады. Станцияның күл шығаратын құбырынан ақау шыққан болатын.
Ал 8-ші желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Онда жылу құбырлар жүйесінде апат болған.
Осы мәселеге байланысты Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері Президентке аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді. Тоқаев оларға апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды тапсырды.