Өңірлердегі жылу электр орталықтарында болған апат қолдан ұйымдастырылған жоқ. Бұл – «саботаж» емес. Энергетика министрі мәлімдегендей, техногендік ақау да емес, апат.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген депутат Еділ Жаңбыршиннің сөзінен осындай ой түйдік.
Тілшілер депутаттан: «Жылу электр станцияларындағы апат қолдан ұйымдастырылып жатқан жоқ па?» – деп сұрады.
Ол: «Ондай да пікірлер айтылады. Сұрағыңыз өте дұрыс. «Саботаж» болып жатқан жоқ па дегенге қатысты айтып отырмын. Бірақ шынына келген уақытта жылу электр орталықтарының көбі тозған. Құбырлар, қазандықтар тозған, олар жөнделмеген. Сондықтан оның бір күні жарылатыны белгілі ғой. Бұл жердегі жағдай ең бірінші технологиялық жабдықтардың физикалық тозуы болып жатыр деп ойлаймын», – деп жауап берді.
Еділ Жаңбыршин әр нәрсені өз атымен атау қажеттігіне назар аударды.
«Бұл – министр айтқандай техногендік ақау емес, бұл – апат», – деп нақтылады депутат.
12 желтоқсанда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің бірқатар жылу орталығында болған оқыс жағдайдың себебін түсіндіріп, Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларының жылусыз қалуы апат емес, технологиялық ақаудың салдары деп мәлімдеген.
«Өткен аптадан бастап Қазақстанға суық атмосфералық ауаның кіруімен энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау байқалды. Энергетика министрлігінің құзыреті шеңберінде технологиялық ақау Теміртау қаласындағы Bassel Group LLS ЖШС және Екібастұз ЖЭО Риддер ЖЭО, ГРЭС-1-де ғана тіркелді. Бұл нысандарда температура режимі толық көлемде қалпына келтірілді. Технологиялық ақаудың сипатына қарасақ, аталған жағдайдың ешқайсысы апатқа жатпайды», – деген Үкімет отырысында Алмасадам Сәтқалиев.
Естеріңізге салайық, 8 желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Бұған жылу құбырының жарылуы себеп болды. 9 желтоқсанда Балқаш қаласында Абай және Әбдіғалиев көшелерінде диаметрі 630 мм жылу желісінің құбырына зақым келді. 10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз жылу электр орталығының күл шығару құбыры бекітіліп қалды. Салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехында багер сорғысын су басты.
11 желтоқсанда Энергетика министрлігі Қазақстан ЖЭО-ларындағы апаттарға қатысты түсініктеме берді. Дәл осы күні түстен кейін Энергетика министрлігі барлық қаладағы ЖЭО-лар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын жариялады.
«Қазіргі таңда жылу электр орталықтары кестеге сәйкес, температуралық параметрлері сақтаулы режимде жұмыс істеп жатыр. ЖЭО-ларда демалыс күндері ақаулар болды. Екібастұз қаласына келер болсақ, қазіргі таңда 10 қазандықтан 7-еуі жұмыс істеп жатыр. Температуралық режим таңертеңнен бастап көтерілді. Ал Теміртау қаласындағы Bassel Group станциясында да ақаулар болды. Ол жерде де ақаулар жойылып, таңертеңнен бастап станциялар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», – деді Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басқарма басшысы Асхат Жақыпов.
Осы мәселеге байланысты Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері Президентке аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды тапсырды.
19 желтоқсанда Жезқазғанда бірден 3 жылыту қазандығы істен шығып,Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қаладағы ЖЭО қазандықтардың апаттық тоқтап қалуына қатысты түсініктеме берді.
20 желтоқсанда Жезқазған қаласының әкімдігі қаладағы ЖЭО қазандықтарының жағдайы туралы ақпарат беріп, жағдай біршама тұрақталғанын хабарлады.