Жаңалықтар

Мамандар декларация тапсырар алдында біреуге берген қарызды нотариуста куәландыруға кеңеc береді

Декларация тапсырғанда қарыз қалай көрсетіледі? / Фото: shutterstock, freepik

Қарыз қаражатын декларацияда көрсету керек пе? Бұл сұрақтың тууына себеп болған 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жалпы ортақ декларациялаудың кезекті кезеңі. Яғни заңды тұлғалардың құрылтайшылары, басшылары және жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен жұбайлары табысын жария етуге тиіс. Осы ретте «Учёт» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев декларация алдында қарыз шартын не үшін нотариалды куәландыру қажет екенін түсіндірді.

Алдымен «кіріс декларациясы» тапсырылады – бұл «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация» (250.00 нысан). Одан кейін «Кірістер мен мүлік туралы декларацияны» (270.00 нысан) тапсыру қажет.

Декларацияны 2024 жылы тапсырғанымен, оған қазірден бастап дайындалу қажет. Декларациялауға жататын бүкіл мүлік, ең бастысы, қарызды көрсетуге дайындық керек.

«Мәселен, сізге біреу қарыздар. Айталық, туысыңыз 10 млн теңге қарызға алып, алдағы уақытта қайтаруға уәде берген. Егер сіз бұл қарызды декларацияда көрсетпесеңіз, бұл келешекте салық салуға әсер етуі мүмкін. Борышкер қарызын қайтарған кезде, оны келесі декларацияларда көрсетуге болады (270 нысан). Егер сіз қайтарылған қаражатқа үлкен сауда жасасаңыз, онда бұл қаражаттың шығу тегі қазірдің өзінде түсінікті болады. Салық органдары тарабынан сұрақ туындамайды», – деді Максим Барышев.

2024 жылы декларацияны тапсыратындарға Барышев 2023 жылы қарыз сомасын қолхатта көрсетіп, оны нотариалды куәландыруды ұсынады. 250 нысанда оны қарыздар бағанында жазу керек.

«Бұл шаруа міндетті түрде биыл жасалуы қажет. Қалғанының барлығын 2024 жылы қыркүйектің басына дейін істеуге болады», – деді ол.

Сонымен қатар, ол декларацияда көрсетілуге міндетті ақша қаражаттарына да тоқталып өтті.

«Декларацияда көрсетуге болатын ең жоғары қолма-қол ақша сомасы – бір адамға 34,5 млн теңге. Сондықтан сейф ұяшықтарында немесе үйде осы сомадан көп қаражаты бар тұлғалар 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін қаражатты банк шоттарына немесе депозиттерге салуы керек. Мысалы, сіз пәтер саттыңыз және сізде 100 млн қолма-қол ақша бар. Менің ұсынысым – оны тым болмағанда, бір айға депозитке салу», – деп кеңес береді Максим Барышев.

ҚР Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және төрт кезеңде өтеді.

Мысалы алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырса, екіншісінде бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда істейтіндер міндеттелген. Ал енді жарты айдан соң үшінші кезең басталады. Бұл жолы «Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны» (250.00 форма бойынша) жеке кәсіпкерлер, заңды тұлға басшылары тапсырады.

Бұған дейін «Кәсіппен айналысатын отбасылар декларация тапсыратын кезең таяды: үшінші кезең туралы нені білуіңіз керек?» деген тақырыпта нұсқаулық та әзірледік.