Жаңалықтар

Halyk Finance Үкіметтің 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5,3 пайыз өседі деген болжамына күмәнмен қарайды

2024 жылы Қазақстан экономикасы қалай өседі? Фото: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары Қазақстандағы 2024 жылғы ЖІӨ өсіміне қатысты болжамға пікір білдірді. Мамандар «Теңізшевройл» кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыру мерзімі кейінге шегерілуіне байланысты, үкіметтің ЖІӨ-ге қатысты 5,3 пайыздық болжамы асыра бағаланған деген ой білдірді. Ал 4,5 пайыздық көрсеткішке қол жекізу мүмкіндігі жоғары.

«Бұған дейін біз 2024 жылы экономикалық өсім 4,5 пайыз болады деген болжам жасаған едік, оны сақтап отырмыз. Бір жағынан, биыл жыл бойы байқалған инфляциялық процестер ақша-несие саясатының әлсіреуіне алып келуі және экономикалық белсенділікті арттыруы мүмкін. Екінші жағынан, мұнай экспортына, сәйкесінше экономиканың өсуіне ықпал етеді деп үміт артып отырған Теңіз кеніші жобаның іске қосылу бірнеше рет кейінге шегерілді. Ең соңғы ақпарат бойынша, жоба 2024 жылдың соңына, тіпті 2025 жылдың басына шегерілген», – деп жазады мамандар.

Одан бөлек сарапшылар ел экономикасының өсім көрсеткіштеріне Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге қатысты мемлекеттік саясат әсер ететінін айтады. Кейінгі кезде мемлекеттің бюджет шығысы Ұлттық қордан жоспардан тыс қаражат алу есебінен қаржыландырып жатыр.

«Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферт азайғанына қарамастан, нысаналы трансферт көлемі өсті. Биыл нысаналы трансферт көлемі кепілендіріліген трансфертке жетіп қалды. КМГ акцияларын Ұлттық қор қаржысына сатып алу есебінен экономиканы бюджеттен тыс қаржыландыру 1,3 трлн теңгені құрады, – дейді сарапшы Мадина Кабжалялова.

Бұл ретте Тоқаев үкіметтен экономиканың жыл сайын 6-7% өсу қарқынын қамтамасыз етуді тапсырған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырғанда, келесі жылы ел экономикасы одан әрі өседі деп мәлімдеген.

«2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі», – деді министр..

Еуразиялық даму банкінің 2023-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық шолуында Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,3%-ға, ал 2024 және 2025 жылдары 4,4%-ға өседі деп болжанған еді.

Ал Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2024 жылы Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өссе, ал 2028 жылы 2,8%-ға дейін өсім көрсетпек.

Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары тауарлар импортының өсуін Ұлттық қор трансферттерімен байланыстырған болатын. Жыл қорытындысы бойынша ағымдағы операциялар шотының тапшылығы 9 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 3,6% (Ұлттық банктің болжамы бойынша 3,5%) құрайды.

Сонымен қатар, Азия даму банкі Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 2023 жылы 4,1%-ға, 2024 жылы 4,3%-ға дейін жақсарткен еді.

«Қазақстанның өсу болжамы сәуірдегі 3,7% және 4,1% көрсеткішінен 2023 жылы 4,1% және 2024 жылы 4,3%-ға дейін қайта қаралды. Оған тұтыну мен инвестицияның өсуіне байланысты мемлекеттің инфрақұрылым мен әлеуеттік бағдарламаларды жаңғыртуға жұмсаған шығындары әсер етті», делінген еді банк хабарламасында.