Жаңалықтар

Мереке күндері түнгі 11-ден кейін пиротехника пайдаланғандар 345 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді – ІІМ

пиротехника

Пиротехника пайдалану уақыты шектеледі / Фото: kursiv.media

Пиротехниканы рұқсатсыз сатқан және пайдаланған адамдар жазаланады. Бұл жайлы Бұл жайлы ІІМ өткізген брифингте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің департамент басшысы Асылбек Ыдырысов айтты.

Осы мақсатта 25 желтоқсаннан бастап 2024 жылғы 3 қаңтар аралығында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау бөлімшелерімен бірлесіп «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді.

«Екі ведомство бірігіп, нарықтарда сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ рұқсатсыз бей-берекет сату фактілерін анықтау іс-шараларын жүргізеді. Іс-шаралар барысында пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау тәртібінің сақталу мәніне заңды тұлғалар және мамандандырылған сауда орындарын тексереді», – ІІМ өкілі.

Сонымен бірге кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде жарақат алудың профилактикасына ерекше көңіл бөлінеді. Сол мақсатта мектептерде оқушылармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.   

«Пиротехника – бұл өрттің шығуына ғана емес, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті құрал екенін айта кету керек. Оны дұрыс пайдаланбаса жазатайым жағдайға әкелуі мүмкін. Мәселен, өткен жылы Астана қаласында жаңа жыл түні көп қабатты үйдің ауласында әкесі пиротехникалық бұйымды дұрыс пайдаланбағаны салдарынан  жанында болған кәмелетке толмаған балалары және өзі дене күйік жарақатын алған»,- дейді Ыдырысов.   

Осыған байланысты ол азаматтарға пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Департамент басшысы қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды тиісті лицензиялары бар сауда орындарынан сатып алуды ұсынды.

Лицензиясы бар пиротехниканың:

  • өнімге сәйкестік сертификаты болады;
  • Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде оны қолдану жөніндегі нұсқаулық болады;
  • Бұйымның сыртқы қаптамасы мен сақтау мерзімі көрсетіліп тұрады.

Ыдырысов егер тауар мерзімі өтіп кетсе немесе тауарлық түрін жоғалтса, онда оны пайдаланбауды ұсынды.

«Осы қарапайым ережелерді орындау сізге өз өміріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтап қалуға және мерекелік көңіл-күйді сақтауға мүмкіндік береді. Елімізде пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сату қызметі лецензиялауға жатады. Бүгүнгі күні осы қызмет түрімен айналысатын 40 астам заңды тұлға тіркеуде тұр. Ал азаматтарға ескертерім пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқаны, өткізгені, тасымалдағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің баптарымен жауапкершілік көзделген»,- деді ол.

Пиротехниканы рұқсатсыз пайдаланғандар қандай жазаға тартылуы мүмкін?

ӘҚБтК 196-бабына сәйкес, Еркiн сауда жасауға Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Яғни бұл заңды бұзғандар 86 мың 250 теңге мөлшерiнде айыппұл төлеуі мүмкін.

Ал жеке тұлғалардың тыныштығын пиротехниканы қолдана отырып бұзғандар 69 мың теңге мөлшерiнде айыппұл төлеуі мүмкін.

Осы бұзушылықарды 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар жасаса, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасалалып, 20 АЕК яғни, 69 мың теңге мөлшерiнде айыппұл салынады.

Ал кешкі 22.00-ден таңғы 9 аралығында пиротехника пайдаланғандар да жауапқа тартылады. Тек мереке күндері 23.00-ге дейін от шашу пайдалануға рұқсат. Ал тыйым салынған уақытта тыныштықты бұзған жеке тұлғаларға – 17 мың 250 теңге әкішіліке жазаға тартылады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 69 мың теңге айыпұұл салынады. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 103 мың 500 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 345 мың теңге айыппұл қарастырылған.