Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау мұнай өңдеу зауытының («АМӨЗ» ЖШС) бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай мен сатып алу департаментінің директоры Қанат Сейдуалиевке қатысты қылмыстық істі қайта қарады. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы, қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталды (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).
Тараптардың ұстанымы:
Прокурор Шахрух Данбайды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал Қанат Сейдуалиевке бас бостандығын 6 жыл 6 ай мерзімге шектеу түрінде, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушылар олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Сот алқасының шешімі:
Қылмыстық құқық бұзушылық жасауда сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен сотталушылар ҚК 361 – бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып, сотталушыларға ҚК-нің 55-бабының талаптары шегінде жаза тағайындалды.
Шухрат Данбайды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 4 жыл 6 айға бос бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Қанат Сейдуалиевке мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Айта кетейік, осыған дейін Жоғарғы cот Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Шухрат Данбайды ақтау үкімінің күшін жойды деп хабарлаған болатынбыз.
Шухрат Данбай 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін Атырау МӨЗ басқарды. Ол 2022 жылдың ақпанында ұсталды.