Жаңалықтар

1934 жылы құрылған С.Киров атындағы зауыттың зардабы: Елек өзенін ластаған химиялық қалдықтар қашан тазаланады?

Алға зауыты

Алға зауыты төккен химиялық қалдықтар жерүсті және жер асты суларын ластаған / Көрнекі фото: kursiv.media

1934 жылы құрылып, 1996 жылы ресми түрде банкрот деп танылған Ақтөбе облысындағы С.Киров атындағы Алға зауыты Елек өзені мен Алға қаласының техногендік ластануына әкелген. Осы мәселені көтеріп, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары А.Ш.Нұғманов пен Б.Н.Қаниев премьер министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Сенторлардың айтуынша зауыт 1996 жылы тоқтағаннан кейін оның ғимараттары мен құрылыстары қираған. Зауыттың өндірістік алаңы өндіріс қалдықтарымен толып кеткен.

«Зауыт ешқашан өндіріс қалдықтарын қайта өңдеген емес. Ол соғысқа дейінгі уақытта салынған. Ол кезде қатаң санитарлық және экологиялық ережелер болған жоқ. Нәтижесінде, инженерлік-техникалық, экологиялық және санитарлық-гигиеналық процестері жетілмеген жарты ғасырға жуық қызметтен кейін бор биогеохимиялық провинциясының қалыптасуымен зауыттың өндірістік алаңының (ішінара Алға қаласы), Елек өзені бассейнінің аумағының табиғи ортасының химиялық экотоксиканттармен техногендік ластанды», – дейді депутаттар.

Зауыттың өндірістік қалдықтары тазартусыз тікелей Елек өзеніне төгілген. Қазіргі уақытта бор мен бірқатар ауыр металдардың құрамы өзен суындағы гигиеналық нормативтерден асып түскен. Жер үсті суларының ластану деңгейі бойынша Елек өзені өте ластанған санатқа жатқызылады. Ластану деңгейі бойынша 4-5 санатта тұр. Онда тыңайтқыштар, күкірт қышқылы және кремний-фтор өндірісінің қалдықтары сынды ауыр металдардың тұздары табылған.

«Бор мен хромның, сондай-ақ ауыр металдардың қосылыстары қоршаған орта объектілеріне су, топырақ, өсімдіктер ғана емес, сонымен қатар облыс халқының денсаулығына да, Елек өзенінің бойында тұратындарға, оның ішінде облыс орталығының тұрғындарына да теріс әсер етеді. Бұл химиялық заттар адамға жалпы, жануар не өсімдіктекті бактериялық улы зат және ерекше әсер ететін қауіптіліктің 1 және 3 санатына жатады», – деп ескертеді депутаттар.

Химиялық қалдықтарды тазалау неге ұзаққа созылып кетті?

Жұртшылық пен БАҚ-тың осы қалдықтардың халық үшін қауіптілігі мәселесі жиі көтеруіне байланысты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тиісті шаралар қабылдаған.

Мәселен, 2009 жылы Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұрынғы зауыттың аумағына зерттеу жүргізген. Оның нәтижелері бойынша қалдықтардың меншік иесін анықтау жұмыстарын бастаған. Ал 2012 жылы зауыт аумағында орналасқан қалдықтар мен шлам жинағыштардың қалдықтары Алға ауданы сотының шешімімен республикалық меншікке берілген. Оның меншік иесі – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл даму» АҚ басқарушы компаниясы.

5 жылдан соң, яғни 2017 жылы министрлік зауыттың аумағында орналасқан шлам жинағыштардың химиялық және өнеркәсіптік қалдықтарының қауіпті қалдықтарын жою жобасын әзірлеген. Бұл жобаны іске асыруға 2020-2022 жылдарға 7,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыру бөлу туралы шешім қабылданған. Оның ішінде 2020 жылға республикалық бюджеттен – 1,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 180 млн теңге бөлінген.

Жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2021 жылға дейін созылған сот талқылауларына байланысты тоқтатылған. «Эко Қамқор» қоғамдық бірлестігінің экологтары жобалық және технологиялық шешімдерге қарсы болған. Олар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын қайтарып алуды талап еткен. Оның да өз себебі бар. Өйткені 2017 жылғы тексеріс нәтижелері мен 2022 жылғы тексеріс нәтижелерінің арасы жер мен көктей. Белсенді экологтар мемлекет оң қорытынды берген экологиялық сараптамамен қоршаған ортаға әсерді бағалау бөлігінде келіспеген.

«2022 жылы облыс әкімдігі зауыттың қалдықтарына жалпы түгендеу жүргізіп, 2,6 млн тоннаны құрайтын қалдықтарды анықтады, ал 2017 жылы «Жасыл Даму» АҚ 730,5 мың тоннаны ғана анықтаған болатын. Өнеркәсіп алаңының аумағында жұмыс істеу барысында мынадай қалдықтар табылды: апатит, бор қышқылы, графити, әктас, бор, күкірт колчеданы, ванадий катализаторының қалдықтары, мазут, металл, пириттік огар, күкірт, суперфосфат, боракс, шлам құбырларына арналған құбырлар, төсеу материалдары, асфальт, тұрмыстық қоқыс, күл, қож, көмір, шыны, керамика, құрылыс қоқыстары», – делінген депутаттық сауалда.

Бағалау бойынша «ескі шлам жинағышта» 15,1 млн тоннадан астам бор өндірісінің шламы анықталған. Ал «жаңа шлам жинағышта» 11,3 млн тоннадан астам шлам жиналған.

Бұл мәселені билік қалай шешеді?

Депутаттар бірінші кезекте жобалық шешімдерге өзгерістер енгізу мәселесін қарастыру қажеттігін айтады. Сондай-ақ сенторлардың айтуынша, алдыңғы жобада тозығы жеткен құрылыстарды бұзу және шлам жинағыштардың бөгеттерін жөндеу қарастырылмаған. Сенторлар қалдықтарды жоюдың жобалық құжаттамасын түзетуді өкілетті министрлік деңгейінде шешуді сұраған.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінетінін жеткізген.

«Облыс әкімдігі 2022 жылы зауыттың қалдықтарына түгендеу жүргізді. Қорытындысы бойынша 2017 жылы «Жасыл Даму» АҚ анықтағаннан өзге 1,8 млн тоннаға артық қалдық табылды. Осыған байланысты жобалық шешімдерді өзгерту мәселесі туындады. Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының 84-тармағына сәйкес бұрынғы Алға химия зауытының аумағында химиялық қалдықтарды жою жөніндегі ЖСҚ-ны түзету 2024 жылы Ақтөбе облысы әкімдігінің жергілікті бюджетінен жоспарланып отыр. Ақтөбе облысының әкімдігі ЖСҚ-ға тиісті түзету жүргізгеннен кейін бюджеттік өтінім енгізіп, республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралатын болады. Аталған мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деп жауап берген Үкімет басшысы.

Осыған дейін  мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Шұбаркөл көлін Ресей ГРЭС-і ластап жатқанын айтқан болатын. Депутаттың айтуынша күл мен шлак қалдықтарын сақтау үшін бұл жерлерді пайдалануға беру жөніндегі рұқсат қағазы 1993 жылы берілген екен. Содан бері күл үйіндісі орналасқан орынды жабу мәселесі әлі шешілмеген. Нәтижесінде бұл стансадан шыққан күл-қоқыс қалдықтары Шұбаркөл көліне құйылып жатыр.

2019 дерекке сәйкес Қазақстанда тек төрт өзен «нормативтік таза» деп танылған.  Еліміздегі 139 су нысандарының ішінен тек 4 өзен яғни Атырау облысындағы Жайық, Шароновка, Қиғаш, Түркістан облысындағы Қатта-Бұғұн өзендері мен Каспий теңізі таза саналады.