Жаңалықтар

Дина Таңсәріге қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды – ІІМ

Дина Таңсәрі іздеу

Фото: facebook.com/dina.tansari.kz

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәріге 6 қылмыстық іс бойынша іздеу жарияланды. Бұл жайлы ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов мәлімдеді.

Министрлік қоғам белсендісіне қатысты Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері 6 іс қозғалғанын хабарлады. Динара Смайыловаға яғни Дина Таңсәріге қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу фактілері бойынша және алаяқтық бойынша екі іс қозғалған.

Самат Аисовтың айтуынша Таңсәрінің үстінен құқығы бұзылған жекелеген азаматтар шағым түсірген.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында Смайылованың «НеМолчиKZ» қорының басшысы екені, сонымен қатар өзін қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуші ретінде көрсететіні анықталды. Ол өз қызметін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялайды. Алайда Смайылованың көптеген жарияланымдары шындыққа жанаспайды, себебі олар тергеумен расталмаған. Оның жалған хабарларымен құқығы бұзылған азаматтар шағым түсірді. Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, «НеМолчиKZ» қорының басшысы тек өзінің субъективті пікіріне сүйене отырып, айыптау басылымдарын жазған», – дейді Самат Аисов.

ІІМ өкілі сонымен бірге қор басшысының халықтан қаражат жинап, оны қажетті шараларға жұмсамағанын айтты.

«Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында ағымдағы жылдың сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген. Алайда бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Осыған қарамастан Смайылова жәбірленушінің адвокаты үшін ақша жинау туралы жариялап, сот процесі кезінде 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған.  Оның аз ғана бөлігін іссапар шығындарына төлеген. Алайда сотта адвокат қызметіне қаражатты жәбірленуші тараптың өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды», – дейді Аисов.

Ал алаяқтық бойынша бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті қозғаған. Департамент кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісінің жалған екенін анықтаған.

«Бұл жағдайда Смайылова бір отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған хабарлама жариялап, оқырмандарынан ақша аударуды сұрап, жұбайының Каspi картасының реквизиттерін көрсеткен. Тергеу барысында зорлық-зомбылық фактісі расталмады. Бірақ банк мәліметтеріне сәйкес, көрсетілген уақыт ішінде Смайылова тағы да бірнеше миллион теңге жинап үлгерген. Сонымен қатар соттың санкциясымен алынған банк мәліметтерін талдау барысында  Смайылова Қордың қаржылық қызметі реттелетін «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңның талаптарын бұза отырып, өзі шетелде бола тұрып, аударымнан түскен ақшаны жұбайының жеке карточкасына алғаны, сондай-ақ ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Алынған дәлелдемелерді ескере отырып, тергеу органы Смайылованың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша саралап, 27 желтоқсанда оған іздеу жариялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – дейді ІІМ өкілі.

Еске сала кетсек, күні кеше ІІМ NeMolchi.kz қоғамдық қорының басшысы Дина Тәңсәріге іздеу жариялады. Іздеу жарияланғаны туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының сайтында жарияланған.

Журналистер Ішікі істер министрі Ержан Сәденовтен Дина Таңсәріге қатысты қозғалған іс туралы сұрады. БАҚ өкілдері қазақстандықтардың бұл істің ойдан шығарылғанын айтып жатқанын, ұйымның зорлық-зомбылық құрбандарына құқық қорғау органдары бере алмаған қолдауды көрсете білгенін айтты. Осы орайда министрден Таңсәрінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қаншалықты орынды деп санайтыны және ІІМ-нің бұл орайда позициясы қандай екенін нақтылады. Министр бұл істің арызданушының өтініші негізінде қозғалғанын айтты.

Өз кезегінде бұл қылмыстық істі ІІМ өз бастамасымен қозғамағанын жеткізді. Оның айтуынша іс арызданушының өтініші бойынша қозғалып отыр. Саденов әзірге бұл іс жайлы айту қиын екенін және тергеу құпиялылығын сақтауға мәжбүр екенін жеткізді. Ол полицияның толыққанды зерттеу жүргізіп барып, бұл іске қатысты пікір білдіретінін мәлімдеді.

Журналист Дина Таңсәрінің полицияның жіберген қателіктері туралы жиі қозғағанын, қоғам белсендісі жауапты органдардың дұрыс жұмыс жүргізбегені туралы жиі айтатынын, осы орайда құқық қорғау органдары үшін ыңғайсыз адам болғанын айтты.

«Шыны керек зорлауға ұшыраған адамдар полицияның дұрыс жұмыс істемеуі себепті, қиындықтарға тап болып, үлкен стресс алған. Тәңсәрі осы мәселелерді көтерді. Осыған байланысты полиция одан кек алып жатыр деп ойламайсыз ба?», – деп сұрақты төтесінен қойды журналист.

Алайда министр мұнда ешқандай кек алу мәселесі жоқ екенін, істің арыз негізінде қозғалғанын қайталап айтты.