Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сақ дәуіріне жататын зергерлік бұйымдарды тәркіледі, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен тарихи құндылыққа жататын бағалы бұйымдардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Семей қаласының тұрғынын ұстады»,–делінген баспасөз хабарламасында.
Тінту барысында аң стилінде орындалған Сақ дәуіріне жататын 4 зергерлік бұйым табылды. Оның жалпы салмағы 79 грамм болады.
Қылмыстық кодекстің 193-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, бірқатар сараптамалар тағайындалған.
Еске салсақ, күзде ҰҚК Қызыл кітапқа енген 28 ителгі құсын шетелге өткізбек болған азаматтарды ұстады.
Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігі, Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарланды. Келтірілген залалдың сомасы 200 млн теңгеден асқан.