Осы жылы заңсыз иемденілген активтерді қайтару жұмысы қалай жүргізілді? Оны қайтару үшін Үкімет қандай шаралар жасады? Бұл бағытта билік жылды қандай көрсеткіштермен қорытындылады? Жылды қорытындылап, жауабын табуға тырыстық.
Заңның қабылдануы
2022 жылдың 26 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы шығарды. Оған сәйкес:
- Заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін анықтауға;
- Заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге;
- Заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге;
- Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға;
- Активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға;
- Өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға;
- Келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізуі керек болған.
Аталған жұмыстар орындалды. Арнайы заң шығып, заңсыз активтерді қайтаратын орган құрылды.
14 маусымда Мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын қабылдады. Ал 29 маусымда Сенат заңды мақұлдап, президентке жолдады.
Президент 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге де қолданылатыны айтылған.
Активтерді қайтару жөніндегі комитет
12 қазанда президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. ҚР Бас прокуратурасының жанынан құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүргізеді.
Комитет Заңсыз шығарылған активтерді Мониторинг және талдау барысында анықтайды. Уәкілетті орган сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға жүгінеді. Комиссияға Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалар кіреді. Жауапты орган комиссия қарауына осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Мүлікті қайтару жөніндегі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі – активтерді қайтару жөніндегі субъектілер тізілімінің толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге және оны жүргізуге міндеттеледі. Сонымен бірге құқық қорғау органдарына, арнаулы мемлекеттік органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға заңды бұзу фактісіне қатысты мәліметтерді, деректер мен құжаттарды уақтылы беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес талап етілетін өзге де шараларды қабылдауға міндетті.
Комитетте қанша адам жұмыс істейді?
Жақында депутаттар Берік Асыловқа сауал жолдап, комитеттің халықаралық іздестіру бюроларымен қанша қызметкер жұмыс істейтінін сұрады. Президент алғашында Комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген. Бірақ Бас прокурор депутаттарға берген жауабында прокуратура жанынан құрылған комитет штатында 50 адам істейтінін хабарлаған.
«Комитеттің штат саны 50 бірлікті құрайды. Жедел кадрлық жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету тиісті ведомстваға өзінің негізгі функцияларын бірден дерлік орындауға кірісуге мүмкіндік берді. Комитет барлық құқық қорғау, арнайы мемлекеттік жəне уəкілетті органмен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Жұмыс шетелдік юрисдикцияларға қатысты мəселелерге (сұраныс бағыты, шетелдік мүдделі тараптармен байланыс жəне т.б.) сəйкес құрылымдалған, тартылған жұмысшылардың барлығы дерлік осымен айналысады. Халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жалпы қолдауды 4 қызметкерден тұратын мамандандырылған басқарма қамтамасыз етеді»,– деп жауап бреген Асылов.
Қанша қаражат қайтарылды?
Асылов өз жауабында «Қазақстан халқына» қорына аударылған ақшадан бөлек 950 млрд теңгеден астам активтер қайтарылғанын мәлімдеген. Қазірдің өзінде комитет 250 мыңға жуық банктік операцияларға бақылау жүргізіп отырған көрінеді.
«Активтердің ашылуын күтпей-ақ, Комитет бірінші күннен бастап субъектілер туралы мəлімет жинау бойынша жұмыс жүргізуде, оларды активтерді сатып алу (шығу) көздерінің заңдылығына талдау жəне тексеру жүргізеді, заңсыз баю белгілері бар нақты істерге бастама жасайды жəне алға жылжытады. Сонымен қатар біз жүздеген активтерді, яғни ірі холдингтерді бақылайтын тұлғалар туралы айтып отырғандықтан, Комитет деректердің үлкен көлемімен, соның ішінде шетелдік көздерден алынған деректермен айналысады. Мəселен, бүгінде Комитет сарапшыларының зерделеуінде субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларының 250 мыңға жуық банктік операцияcы бар. Заң бойынша шаралар қабылдаумен қатар, бұрын басталған іс-шаралар жалғасуда. Бүгінде мемлекетке 950 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылды («Қазақстан халқына» қорына аударылған ақшаға қатысы жоқ)», – делінген Бас прокурордың жауабында.
Ал шілде айында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президентке агенттік жұмысы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша жыл басынан бері 94 млрд теңгенің активтері қайтарылғанын айтты.
Заңсыз активтер кімдерден қайтарылды?
Антикор 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 857 млрд теңгенің мүлкін қайтартқан. Соның ішінде 159,8 млрд теңгесі – шетелден қайтарылған актив сомасы. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Атап айтқанда, Австриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, БАӘ-ден 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.
Есепті кезеңде елімізде 1500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам адам әшкереленген. Соның 158-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа 1 мыңнан астам іс жіберілді, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелді. Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленсе, оның 137-сі – басшылар.
Жемқорлыққа барған мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарында тұрады.
Қайрат Сатыбалдыұлы
Активтер еліміздің ірі ойыншылары Қайрат Сатыбалдыұлынан, Қайрат Боранбаевтан, Болат Назарбаевтан қайтарылды.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамырда Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтері қайтарылғанын мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары қайтарылған. Жалпы, қылмыстық қудалау басталғаннан бері заңсыз сатып алынған Қ.Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 млрд теңгеден астам соманы құрайтын мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары мемлекетке қайтарылған.
Олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен шетелден алынған қаржы да бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жақында Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекетке 120 млн доллар қайтарылғанын хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша бұл қаржы «мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке» аударылған.
Қайрат Боранбаев
Ал Қайрат Боранбаев тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында біраз заңсыз иемденген мүлкін қайтарып берді. Атап айтқанда, «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма. Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» компаниясын да қайтарды. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық.
Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, бұл кәсіпорында 740 адам жұмыс істейді. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтетіні хабарланды.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өтті. Олар – «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.
Сондай-ақ ҚМА Боранбаевтың 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлады.
Айтпақшы, Прокуратура Қайрат Боранбаевпен байланысы бар «Phystech II» АҚ қызметін тексерді. Бұл мұнай компаниясы мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамаған болып шықты. Кәсіпорын мемлекетке келтірген 1,2 млрд теңге залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төлеген.
Одан бөлек Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
Айтпақшы, Үкімет жақында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап жемқорлардан арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскенін хабарлады.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды», –делінген хабарламада.
Болат Назарбаев
Экс-президенттің туған бауыры Болат Назарбаевтан айтарлықтай көп қаражат қайтарыла қоймады. Дегенмен мемлекет өз меншігіне қайтарып алған активтер бар.
Біріншісі – «Алматы ауыр машина жасау зауыты». Осы жылдың наурыз айында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын мемлекетке қайтаруға міндеттеді.
Ал 18 сәуірде Қарасай аудандық соты «Барыс» базары орналасқан жерді сату келісімшарттарын жарамсыз деп тапты. Солайша Болат Назарбаев базарынан айырылды. Прокурор жалпы көлемі 35 гектардан асатын жер телімдерін сату келісім-шарттарын жарамсыз деп тануды талап еткен.
Сотта жер телімдерін Назарбаевтың атына аударған кезде жер ресурстарын басқару комитетінің заңсыздық жасағаны белгілі болды. Комитет жер учаскелерінің санатын беру жөніндегі орталық уәкілетті органмен келіспей, жер телімдерін беру ережелерін бұзған. Бұл жер ауыл шаруашылық мақсаттағы жер болған.