Жаңалықтар

2023 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгерді және ел экономикасына қалай ықпал етті?

ұлттық банк

Ұлттық банк 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды.

Қаңтар-шілде аралығында шығарылған 5 шешімде де базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде сақталды. Тек, 25 тамыз күні негізгі ставка кейінгі үш жылда алғаш рет төмендетіліп, 16,50% мәнінде бекітілді. Осы орайда базалық мөлшерлеме биыл қалай өзгергеніне шолу жасап көрелік.

2023 жыл, қаңтар

2022 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені алты рет көтеріп, 10,25 пайыздан 16,75 пайызға дейін жеткізген еді. Ал 2023 жылдың басында Ұлттық банк оны 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім шығарды. Өйткені қаңтар айында жылдық мәндегі инфляция деңгейі 20,7%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттады.

Одан кейінгі ақпан, наурыз, мамыр мен шілдеде шыққан шешімде базалық мөлшерлеме осы деңгейде қалды.

Банктің базалық мөлшерлемені сақтауына әлемдік нарықта болып жатқан жағдайлар себеп болған. Жаһандық инфляциялық қысым бәсеңдегенімен, бірқатар елде инфляция әлі де орнықты күйінде қалған. Осыған байланысты дамыған елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатқан.

Негізінен Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Ғалымжан Пірматов шілде кеңесіне дейін де Ұлттық Банктің екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастыратынын айтқан болатын. 

Десе де, сол кезде сарапшылар базалық мөлшерлемені түсіретін уақыт келгенін айтты. Өйткені инфляция динамикасы төмендеген. Halyk Finance бас сарапшысы Асан Құрманбеков жыл соңына қарай инфляция 12%-ға дейін бәсеңдеп, базалық мөлшерлеме оңтайлы 15%-ды құрайды деп пайымдады.

2023 жыл, тамыз

Тамыз айында Ұлттық банк 2020 жылдан бері тек көтеріліп келген базалық мөлшерлемені 16.5%-ға дейін төмендетті.

Ұлттық банктің сол кездегі басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, реттеушінің мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.

«Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені инфляция бойынша ортамерзімді кезеңде 5% мақсатқа жетуге ықпал ететін деңгейде белгілеуге тырысады», – деді

2023 жыл, қазан

6 қазан күні Қазақстан Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімін жариялап, базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендетті.

Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің 0,50 пайыздық тармаққа бірден төмендеуінің өзіндік себебі бар екенін айтып өтті.

«Инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Дегенмен сыртқы секторда және экономика ішінде проинфляциялық тәуекелдер болуына байланысты 2023 жылы оны одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жеңілдету жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда қаралатын болады», – деп хабарлады ҰБ.

2023 жыл, қараша

24 қарашада базалық мөлшерлеме тағы да төмендеп, жылдық 15,75%-ды құрады.

«Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр», – деп түсіндірді Ұлттық банк өз шешімін.

Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев базалық мөлшерлеменің өзгеруі экономикаға айтарлықтай әсер ете қойған жоқ деп тұжырымдайды. Өйткені негізгі мөлшерлеме 1 пайыз ғана азайды.

«Оған қоса базалық мөлмерлеме туралы соңғы шешім жақында ғана шықты. Дегенмен де, базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қатысты нарықтық күтулер, кем дегенде, ҚР Үкіметі қарызының құнына сөзсіз әсер етті. Енді үкімет қарызға қызмет көрсетуге былтырға қарағанда аз қаражат жұмсайтын болады.Несиеге қатысты айтар болсақ, базалық мөлшерлеменің төмендеуі әлі сезіне қойған жоқ. Заңды тұлғалар үшін несие құны төмендемеді. Ал жеке тұлғалар үшін несие мөлшерлемелері әлі сол қалпында», – дейді Оразбаев.

 2024 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгеруі мүмкін?

Қаржы нарығының өкілдері Ұлттық банк қаңтар айында базалық мөлшерлеме мәнін одан әрі төмендетеді деген болжам жасайды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, қаржы нарығы өкілдерінің басым бөлігі (76%) реттеуші 2024 жылы ақша-несие саясатына байланысты бірінші отырысында базалық мөлшерлемені тағы да төмендетеді деген пікірде.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 69%-ы мөлшерлеме 25 базистік тармаққа азайып, 15,5%-ға дейін төмендейді десе, қалғандары бірден 50 базистік тармақ қысқарып 15,25%- құрайтынына сенімді.