Ресейде өтетін президент сайлауы көптеген ел назарында / Фото: kursiv.media
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың наурыз айында Ресейде өтетін президент сайлауы мен Қытаймен арадағы визасыз режим туралы пікір бідірді.
Ресей
Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзербайжанда және Еуропарламент депутаттарының сайлауы өтетінін айтқан мемлекет басшысы, бұл сайлау науқандарын жіті бақылайтынын жеткізді. Соның ішінде Ресейде өтетін президент сайлауының маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Ресейде өтетін президент сайлауының біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Барлық саладағы екіжақты ынтымақтастық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз», – деді ол.
Тоқаев Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапарына тоқталып өтіп, оны екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі болғанын айтты.
«Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады. Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі», – деді президент.
Ол сонымен бірге жалпы солтүстіктегі көршіміздің әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын айтты.
«Ресей Федерациясы әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқарады және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық. Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады», – деді Тоқаев.
Қытай
Мемлекет басшысы сонымен бірге Шығыстағы көршіміз – Қытаймен де экономикалық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығына тоқталды. Екі ел арасындағы визасыз режим туралы айтып, аспан асты елінен жөнсіз қорқа бермеуге шақырады.
«Қазақстан мен Қытай арасында визасыз жүру режімі күшіне енді. Мұның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін. Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды»,– дейді ол.
Тоқаев екі елдің қарым-қатынасы достық, тату көршілік және стратегиялық мәңгілік серіктестік рухында дамып жатқанын айтты. Сонымен бірге төраға Си Цзиньпинмен бірге екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басқанын атап өтті.
«Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі. Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын»,- деді президент.
Мемлекет басшысы екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатқанын айтты. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жеткен.
«Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк тасымалын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салды. Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құрылысы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміздің көлік-логистика саласына тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайды. Былтыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі», – деді Тоқаев.
Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ресейде наурызда президент сайлауы өтетінін жазды. Сайлау өкізу туралы шешім Федералды кеңестің 556-шы жалпы отырысында қабылданған. Федералды кеңестің 162 депутатының барлығы бірауыздан сайлау өткізу туралы шешімді мақұлдаған.
Өз кезегінде Владимир Путин 2024 жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ресей Федерациясының ОСК шешіміне сәйкес, Ресей президентін сайлау 2024 жылдың 15-17 наурыз аралығында өтеді.