Жаңалықтар

Тым қымбат: «Otau TV» басшысы ресейлік арналарды көрсетуден не себепті бас тартқанын түсіндіріп берді

"Otau TV"
«Otau TV» ресейлік 10 арнаның трансляциясын тоқтатты / Фото: shutterstock

TVcom компаниясы не себепті осы жылдан бастап, Ресей арналары көрсетілмейтінін түсіндіріп берді. Бұған дейін «Бірінші арна» өкілдері компанияның берешегі бар екенін айтқан. Ал «TV Commerce» ЖШС директоры Талғат Шәкеновтің айтуынша мәселе ресейлік холдинг ұсынған нарықтық емес шарттардан туындап отыр.

«Otau TV» жауабы

Шәкеновтың айтуынша, екінші тарап ресейлік арналарға нарықтық емес бағалар қойған.

«Негізінен, біз құнына келісе алмадық. Біз бастапқыда нарықтық емес шарттарына көңіліміз толмай, бірнеше жыл қатарынан олармен келіссөздер жүргізуге тырыстық. Біз өз ойымызды жеткізуге тырыстық, олар шартты қайта қарап, шешімін табатынын айтып, уәде берді. Бірақ біз күткендей болмады. Жалпы, өткен жылдың басында біз оларды өшіруге дайын едік. Себебі ол арналардың құны өте жоғары болды. Бірақ құнын қайта қараймыз деп уәде бергендіктен, өшірмедік. Ол келісімшарт 31 желтоқсанда аяқталды», – деп түсіндірді Шәкенов.

Компания басшысының хабарлауынша, Бірінші арна бағаларды арзандатуды емес, қымбаттатуды ойлап отыр. Ал TVcom-ның бұрынғы қымбат бағаларды төлеуге мүмкіндігі жоқ. Бірінші арнаның осы жылға қойып отырған бағасын Шәкенов ақылға қонымсыз санайды.

«Бізге олардың нарықтық талаптарға сәйкес бағаны түсіргені керек. Әзірге біз де, олар да айтқанымыздан қайтпай отырмыз. Біз мұндай бағаларға көне алмаймыз. Себебі олар ұсынған сома барлық ақылға қонымды шектен де асып түседі», – деді TV Commerce директоры.

Бірінші арна қандай қарыз туралы айтып отыр?

Талғат Шәкенов «Бірінші арнаның» мәлімдемесінде қандай қарыз туралы айтылатынын түсіндіріп берді. Компания басшысының айтуынша, TVcom былтыр келісімшартта көрсетілген соманы емес, өзі жариялаған соманы ғана төлеген.

«Шартты түрде алсақ, олар бізден 100 доллар сұрады, біз 20 доллар төлеуге дайын болдық. Біз оларға осы соманы төледік. Бір жыл бойы ешкім ешқандай шағым айтпады. Ал жыл соңы келгенде келісім-шартта көрсетілген шығынды толық төлеуіміз керектігін айтты. Бұл олардың заңды құқығы екені анық», – дейді ол.

Ресей арналары енді көрсетіле ме?

Шәкенов ресейлік арналардың хабарларын қайта бастала ма деген сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша барлығы Бірінші арнаның неғұрлым оңтайлы шарттар ұсыну мүмкіндігіне байланысты.

«Егер хабар таратуды қалпына келтіру туралы айтатын болсақ, онда бұл таза бизнес пен экономикаға қатысты мәселе. Мұнда басқа мәселе жоқ. Егер қандай да бір ымыраға келер болсақ, хабар қайта жалғасады. Ал егер «Бірінші арна», «қырсығып» тек өз шарттарын жүргізгісі келсе, көрсетілім қайта жанданбайды», – деді Шәкенов.

Басқа да отандық операторлар келіспей жатады

Шәкеновтың айтуынша, «Бірінші арнамен» келісімшартқа отырған басқа отандық компаниялар да келіспей жатады. Осыған ұқсас келіспеушіліктер бұрын «АлмаТВ» мен «Қазақтелекомда» да болған. Салдарынан олар да ресейлік телеарналардың трансляциясын шектеген.

«Әдетте, желтоқсан айының соңғы күндерінде «Бірінші арнадан» келесі жылға қосымша келісім-шарт келеді. Оған сен қол қоясың, қоймасаң трансляцияны өшіреді. Мұндай жағдай елдегі әрбір ірі операторда мезгіл-мезгіл болып тұрады», – дейді компания директоры.

Компания абоненттердің шағымын ескеріп, қазіргі таңда бұл арналардың орнын басқа арналармен толтырған. Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында қосымша арналарды қосуды жоспарлап отыр. .

«Абоненттердің наразылықтарын білдіруге құқығы бар. Біз кеткен телеарналарды ауыстырдық, бірінші тоқсанда қосымша арналарды қосамыз, жаңа 10 арна қосылды, тағы 10 арна қосамыз», – дейді Шәкенов.

Даудың басы

Еске сала кетсек, сәрсенбі күні «Otau TV» ресейлік телеарналардың трансляциясын тоқтатқаны белгілі болды. «Дом кино», «Музыка первого», «Первый канал СНГ», «Время», «Карусель», «Бобер», «Теле кафе», «Победа», «О!», «Поехали» каналдары көрсетпей қалды.

«Премиум санатындағы ойын-сауық арналарының тізімін кеңейту туралы шешімнің қабылдануына байланысты жаңа жылдан бастап 10 арнаның көрсетілімі тоқтатылды», – деп мәлімдеген болатын компания.

Белгілі болғандай, көрсетілімі тоқтатылған каналдарды Ресейдің басқа каналдары алмастырады. Алдағы уақытта телекөрермендер  «Родное кино», «Наше новое кино», «Автоплюс», «КВН», «MMA TV», «Кухня ТВ», «Кто есть кто» және басқа да каналдарды тамашалайды. Бұған қоса тұтынушыларға Discovery телетоптамасының бағдарламалары ұсынылады.

Көп ұзамай «Бірінші арна» АҚ Қазақстандағы ресми өкілі Ирина Калашникова мәлімдеме жасап, компанияның берешегі көп екенін айтты.

«2023 жылғы 31 желтоқсанда «Қазтелерадионың» ресми серіктесі TV Commerce операторының лицензиялық келісімінің мерзімі аяқталды. TV Commerce басшылығымен ұзақ келіссөз жүргізгенімізге қарамастан, 2024 жылға арналған келісімшарт жасалмады. Бұған оператордың 2022-2023 жылдары пайдаланылған құқығының өтелмеген қомақты қарызы себеп болды», – деді Ирина Калашникова.