Фото: kursiv.media
Талдықорған қаласының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғасы мердігермен алдын ала сөз байласып, 250 млн теңгеден астам сомаға атқарылған жұмыс туралы жалған актілер жасағаны үшін 7 жылға сотталды. Бұл жайлы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.
«Жетісу облысының прокурорлары Талдықорған қаласында 2 көпқабатты тұрғын үй салу кезінде бюджет қаражатын жымқырған кінәлі тұлғаларға қатысты әділ үкімге қол жеткізді. Талдықорған қаласының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғасы мердігермен алдын ала сөз байласа отырып, 250 млн теңгеден астам сомаға атқарылған жұмыс туралы жалған актілерге қол қою арқылы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны анықталды»,- делінген құжатта.
Қылмыстық тергеуді арнайы прокурорлар жүргізген. Нәтижесінде сот үкімімен үш азамат айыпталған. Оның ішінде әкімдік қызметкері Қылмыстық кодекстің 2-тармағының 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Солайша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Осы жылы Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатқан.
Прокуратура мемлекеттік органдардың әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарын негізсіз асыра бағалағанын анықтады. Сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамасыз автожолдар салуға конкурстар жариялаған.
Тек Алакөл ауданында осындай талаптарды бұзған 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Оның ішінде 4 ауылдық округтің әкімдері де бар.
Сонымен бірге 85 млн теңгеге сатып алулар негізсіз деп танылды. Мемлекеттік органдар «бір көзден алу» тәсілін орынсыз қолданған. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзған 74 лауазымды тұлға 13 млн теңге айыппұл төлейді
Одан бөлек Жетісу облысының прокуратурасы Жетісу облысы Кербұлақ ауданы, Малайсары ауылындағы жолдарды жөндеу кезінде лауазымын асыра пайдаланған жол құрылысы саласының бұрынғы басшысы ұсталғанын хабарлады.
Ол Кербұлақ ауданы Малайсары ауылының кіреберіс автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдаланды деп күдіктелуде. Ол мемлекетке 37 миллион теңгеден астам сомаға елеулі материалдық залал келтірген.