Жаңалықтар

Абай болыңыз, алаяқтар: «ҚазМұнайГаз» атын пайдаланып дивиденд алуды ұсынады

алаяқтық жасап жүрген

Фото: kursiv.media

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының» атын пайдаланып, алаяқтық жасап жүрген адамдар жайлы ескертеді.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы туралы жалған жарнаманы анықтады. Бейнежазбада азаматтарға іске қосылған жаңа мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» платформасына қаржы салып, 100 мың теңгеден дивиденд алуды ұсынады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды»,  – делінген қалалық прокуратура хабарламасында.

Осындай жалған жарнаманың тарап кетуіне байланысты прокуратура азаматтарды қырағы болуға шақырады. Мұндай жарнамаларды жасырын қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары әзірлеген болуы мүмкін. Сол себепті түрлі ойдан шығарылған жарнамаларға сене бермеуге кеңес береді.

Өз кезегінде құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық ұйымдардың қызметін анықтау және жолын кесу шараларына кіріскен.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан бойынша 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын мәлімдеді. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған.

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілген. Нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысып, алаяқтық жасап жүрген Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын телефон алаяқтығы екі есе төмендеген.

Ал ҚНРДА Алматыда 9 айда интернет-алаяқтыққа қатысты 1.5 мыңнан аса іс тіркелгенін мәлімдеді. Агенттік алаяқтар жиі пайдаланатын негізгі үш тәсіл туралы айтты.

Біріншісі – қарт адамдарға қатысты алаяқтық. Олар жәбірленушілердің үй телефондарына қоңырау шалу арқылы жүзеге асырылады: алаяқтар өздерін жақын туыстары (ұлы, қызы, немерелері) ретінде таныстырып, олармен кенеттен туындаған жағдайды шешу үшін ақша аудару қажет екенін хабарлайды. Көбінесе жол-көлік оқиғалары туралы айтып хабарласады. Бұл жағдайда әңгімені өзіңіз үзгеніңіз дұрыс.

Екіншісі – Үлкен дивидендтер уәде ететін онлайн жобаларға ақшалай қаражат салу. Әдетте, азаматтарды криптовалюталарға, акцияларға, бағалы металдарға ақша салуға көндіреді және олар әртүрлі елдердегі жоқ абоненттік нөмірлерден қоңырау шалып, инвестициялаудың артықшылықтары туралы сенімді түрде айтады. Компанияның беделін алдын ала тексеру қажет.

Үшінші – банктен қоңырау шалу. Абонент өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады және үшінші тұлғалардың сіздің атыңызға несие алу әрекеті туралы хабарлайды. Есіңізде болсын! Банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыз туралы ақпаратты сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға жіберілген кіру кодтарын талап етпейді. Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қайта қоңырау шалу керек.