Алматыдан Астанаға синтетикалық есірткі тасымалдағандар ұсталды. Бұл жайлы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Жалпы және арнайы іс-шараларды өткізу барысында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, Алматыдан Астанаға синтетикалық есірткілерді жеткізудің ірі арнасының жолын кесті», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша Астана қаласында логистикалық компания арқылы есірткінің ірі партиясын алу кезінде Павлодар облысының тұрғыны ұсталған. Тінту кезінде ол азаматтың автокөлігінен 4,8 кг мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген.
Ал Алматы қаласынан бұл есірткілерді жөнелткен адам құрықталды. Оның пәтерін тінту барысында есірткі заты бар бес пластмасса контейнер табылған. Сонымен бірге екінші деңгейлі банктердің төлем карталары мен 1,3 млн теңге көлемінде қаражат анықталған.
«Осы факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, ұсталғандарға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Күні кеше ғана Қаржылық мониторинг агенттігі АҚШ-тан Қазақстанға есірткі тасымалдаған азаматтардың сотталғаны туралы хабарлады. Қылмыстық іс-бойынша жеті адам 3 жылдан 16,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл азаматтар мемлекеттік шекара арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысқан. Олар бұл есірткіні Telegram мессенджері арқылы сатқан. Олардан тексеру кезінде 705 гр. марихуана мен 1266 гр. гашиш есірткі заттары анықталып, тәркіленген.
Еске сала кетсек тамыз айында Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықталып, жойылған болатын. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.
Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып, тәркіленген.
Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.