Ішкі істер министрлігі алаяқтық арқылы қарапайым азаматтардың 112 млн теңгесін иемденген қылмыстық топты ұстады. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Маңғыстау облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұған дейін де жұмыспен қамту және жылжымайтын мүлік пен автокөлік саласындағы алаяқтығы үшін ұсталған алаяқтар тобын қолға түсірді. Алаяқтар үйреншікті әдеттерімен мұнай компаниясына жұмысқа орналастыру, автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу қызметі үшін қарапайым адамдардан 112 млн теңге жинап алып, үшті-күйлі жоқ болып кеткен.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қуандық Алпыс:
«Бүгінде полицияға республиканың әр өңірінен 20 адам арызбен жүгінді. Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта топтың 3 мүшесі қамауда. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оны басқарды және оған қатысты деп айыпталуда. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді», – деді.
Бұған дейін алаяқтық жолмен алынған 250 млн теңгенің шетелге шығып кетуіне жол берілмегенін жазған болатынбыз
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2023 жылдың соңында депутаттық сауалға берген жауабында интернет-алаяқтыққа ымырасыз күрес жарияланғанын мәлімдеген.
«ЦДИАӨМ-мен бірлесіп енгізілген жүйені пайдалана отырып, шетелдік алаяқтар азаматтарды алдау үшін пайдаланатын ауыстырылатын нөмірлерден 43,5 млн астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар интернет желісінде 20 мыңнан астам түрлі құқыққа қарсы, оның ішінде алаяқтық және қаржы пирамидалары белгілері бар ресурстар анықталды және бұғатталды. Ағымдағы жылдың шілде айында барлық өңірлерде құрылған «Киберпол» мамандандырылған топтары тиімді жұмыс істеуде. Банк секторымен тікелей өзара іс-қимыл нәтижесінде елден тыс жерге шығару сатысында шамамен 250 млн теңге бұғатталды. Азаматтарға сомасы 669 млн. теңге залалды өтеу қамтамасыз етілді. Банк карталары ақша қаражатын алу үшін пайдаланылған «дроп» санатына жататын 1,2 мың адам анықталды», – деп нақтылаған Ержан Сәденов.