«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Каспий және ашық теңіздерде мұнай тасымалдау және Қазақстанда кеме флотын дамыту жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы ҚМГ Көлік және логистика департаментінің директоры Ерболат Меңдібаев айтты.
Оның сөзінше, 2023 жылы ҚМГ Біріккен Араб Әмірліктерінің порттық және логистикалық операторы Abu Dhabi Ports Group (ADP) компаниясымен теңіз және жағалау жүк тасымалы, Каспий аймағындағы танкер және сауда флотын дамыту мен инвестициялау бойынша стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған.
«Келісімді жүзеге асыру үшін 2023 жылғы ақпанда Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd (CIMS) бірлескен кәсіпорнын құрдық. Біздің ынтымақтастығымыз төрт перспективті бағытты қамтиды. Біріншіден, мұнай сауда флотын, паромдарды, контейнерлік және құрғақ жүк кемелерін сатып алу құрылысын қоса алғанда Каспий теңізінде және ашық теңізде жұмыс істеу үшін танкер және сауда флотын дамыту. Екіншіден, Каспий теңізіндегі Қашаған, Қаламқас – Теңіз – Хазар және тағы да басқа теңіз жобаларын қолдау және қызмет көрсету үшін флотты дамыту. Үшіншіден, жағалау инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде кемелер мен порт инфрақұрылымы нысандарын салу. Ал төртінші бағыт – Қазақстан Республикасында теңіз мамандарын даярлау бағдарламасын әзірлеу», – деді Ерболат Меңдібаев.
Департамент директоры ҚМГ мен ADP Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ҚМГ теңіз жобасы үшін мұнайдың төгілуіне тосқауыл қою мақсатында дедвейті 12 мың тонна танкердің, паромдардың құрылысын қолға алып, жеткізуші кеме сатып алуды көздеп отырғанын жариялады. Бұған қоса ол Румыниядағы «ҚазМұнайГаз» мұнай өңдеу зауытында өндірілген мұнай өнімдерін Қара теңізде тасымалдауды ұйымдастыру үшін құрғақ жүк кемелері мен өнім тасымалдаушы кемені сатып алу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Ерболат Меңдібаевтің мәлімдеуінше, бұл бастама мұнай тасымалдаудың баламалы бағытын дамытуға оң әсер етеді.
«Үкіметтің 2022 жылғы баламалы мұнай тасымалдау бағытын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ҚМГ мен Әзербайжанның SOCAR компаниясы жыл сайын Қазақстан мұнайының 1,5 млн тоннасын Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша тасымалдау туралы келісімге қол қойды. Бұл іс 2023 жылғы наурызда басталды. Қазіргі уақытта тасымалдау ҚМГ еншілес кәсіпорны «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ (ҚМТФ) иелігіндегі танкерлермен Бакудегі Ақтау порты арқылы және одан әрі Әзербайжан аумағынан Баку-Тбилиси-Джейхан порттық құбыр жүйесімен жүріп жатыр», – деді ҚМГ Көлік және логистика департаментінің директоры.
Меңдібаев флотты ұлғайту үшін былтыр 2 жаңа танкер сатып алынғанын айтты. Taraz, Liwa деген атау берілген танкерлер Ақтау-Махачкала бағытында жұмыс істеп жатыр.
«Каспий аймағындағы флотты ұлғайтумен қатар біз ашық теңіздерде, атап айтқанда Қара және Жерорта теңіздерінде «Қазақтеңізкөлікфлоты» мен ADP
танкерлердің бірлескен пулын құрдық. Ол 4 Aframax танкерінен тұрады. Оның екеуі «Қазақтеңізкөлікфлотқа», екеуі ADP компаниясына тиесілі. Қазіргі уақытта ҚМГ «Шеврон» және «Теңізшевройл» компанияларымен мұнайды ашық теңіздерде (Новороссийск және Джейхан порттарынан) тасымалдау бойынша ұзақ мерзімді келісім жасау бойынша келіссөз жүргізуде. Келісімге қол жеткізілген жағдайда танкерлердің бірлескен пулына бір немесе екі Aframax танкерін қосу мәселесі пысықталуда», – деді департамент директоры.
Ол сонымен бірге танкерлердің бірлескен пулы Қазақстанның ғана мұнайын тасымалдап жатқанын атап өтті.
«Әзірше тек біздің мұнай тасымалданып жатыр. Теңіздегі ҚМГ үлесінің белгілі бір көлемі, сондай-ақ біздің еншілес компаниялар «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаздың» ресурстары бар. Танкерлер мұнайды Новороссийск портынан қабылдайды да Каспий құбыр консорциумы (КҚК) және Атырау-Самара құбыр жүйесі арқылы жеткізеді. Жоғарыда айтқанымдай, мұнай Новороссийск портындағы танкерлерге құйылады, содан кейін біздің Румыниядағы зауытқа жіберіледі», – деді ол.
Ерболат Меңдібаевтің мәлімдеуінше, ҚМГ өз мұнайының негізгі бөлігін теңізге дербес тасымалдай алмайды.
«Барлығын тасымалдай алмайды. Себебі бізде танкер жеткіліксіз. Қолымыздан келгенін тасымалдаймыз. Қалған көлемге мұнай тасымалдаумен айналысатын үшінші тарапты жалдаймыз», – деді ол.
ҚМГ өкілі 2024 жылдың басында жұмыс тобы Ақтауға барып, кеме жөндеу зауыттарын аралайтынын айтты.
«Осыдан соң кеме жасау кәсіпорнын салу үшін не қажет екені белгілі болады. Ақтауда кеме жөндеу зауыттары бар, бірақ әзірше танкер, паром және құрғақ жүк кемелерін жасайтын нысандар жоқ», – деді департамент директоры.