Жаңалықтар

Аяз бен боранға байланысты Астана мен Абай облысының оқушылары қашықтан оқытуға көшірілді

қашықтан оқытуға

Абай облысының оқушылары қалың қар мен боранға байланысты қашықтан оқытуға көшірілді / Фото: kursiv.media

Астана оқушылары 12 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқытуға көшірілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астана қалалық білім басқармасының шешімімен ауа райының нашарлауына байланысты бірінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары 12 қаңтарда қашықтықтан оқыту форматына көшірілген. Астанада ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеген.

Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты Абай облысының бірнеше мектебі онлайн оқуға көшірілген. Бұл жайлы әкімдіктің баспасөз қызметі хабаралады.

«Абай облысында 2024 жылғы 12 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты I ауысымда оқитын Аягөз ауданындағы 15 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Жарма ауданындағы 2 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Курчатов қаласындағы 4 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Көкпекті ауданындағы 2 мектептің 1-11 сынып оқушылары, Бесқарағай ауданындағы 2 мектептің 1-9 сынып оқушылары, Ақсуат ауданындағы барлық мектептің 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Қалған аудан мен қала мектептері штаттық режимде оқиды»,  делінген әкімдік хабарламасында.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес 12 қаңтарда түнде және таңертең Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысады. Жел екпіні 23 м/с жетеді. Ал Семей қаласында 12 қаңтарда түнде бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысып, түнде жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді деп күтілуде.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстанның басым бөлігінде 11-13 қаңтар аралығында қар жауып, көктайғақ болатыны хабарланды. Сонымен бірге бұл күндері -32 градусқа дейін аяз күтіледі.

Осыған орай «QazavtoJol» қазақстандықтарға сапарға шықпас бұрын ауа райы туралы ақпаратқа назар аударуға шақырды. Ал автожолдар туралы ахуалды білу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне хабарласу ұсынылған.

Ал «Казгидромет» дауылды ескерту жариялады. «Казгидромет» болжамына сәйкес, 10 облыста, атап айтқанда Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында ауа райы бұзылып, боран соғуы мүмкін.