Жаңалықтар

АҚШ билігі Boeing ұшақтарының өндірісіне бақылауды күшейтеді

Boeing

АҚШ билігі Boeing ұшақтарының өндірісіне бақылауды күшейтеді. Бұл жайлы ВВС басылымы жазды.

АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) Boeing ұшақтарының өндірісіне қадағалауды күшейтеді. Сонымен бірге сапаны бақылауға жауапты тұлғалардың өкілеттігі де тексеріледі.

Көптеген жылдар бойы АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі Boeing сапасын тексеру міндетін өндірушінің өзіне жүктеп келген. Бірақ бұл тәжірибеге қарсылық білдіргендер болды. Олар қауіпсіздік үшін мұны жеткіліксіз санады.

«Өкілеттік мәселесін қайта қарап, соған тікелей байланысты барлық қауіпсіздік тәуекелін бағалаудың уақыты жетті. Федералдық авиация әкімшілігі Boeing өндірісін тексеріп, бақылау жүргізу үшін тәуелсіз үшінші тарапты шақыртуы мүмкін», – деп мәлімдеді FAA әкімшісі Майк Уитакер.

Boeing бұл мәлімдемелерге қатысты түсініктеме бермеген. Десе де оның алдында тергеуге қолдау көрсетуге жайын екендігін жеткізген.

Федералды авиация әкімшілігімен бірге компанияға АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) де жеке тергеу жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, 5 қаңтарда Alaska Airlines компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX 9 ұшағы шамамен 5 км биіктікте фюзеляжының бір бөлігін ауада жоғалтып алды. Бұл жағдайдан соң, ұшақ Портленд әуежайына шұғыл қонды. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Әуе компаниясы ұшақты Boeing-тен 2023 жылдың қарашасында алған. Компания бұл оқиғаға жауап ретінде қауіпсіздік шараларын талқылау үшін сейсенбі күні арнайы жиналыс өткізетінін мәлімдеді.

Alaska Air Group Inc. оқиға болған күні өз паркіндегі 737 MAX-9 маркалы 65 ұшақты әуеге көтермеді. Салдарынан Alaska Air Group Inc. акциялары 4,5%-ға төмендеді. Ал United Airlines Holdings акциялары 3%-ға төмендеді. Бұл компанияның 79 ұшағы ұшпай қалды.

Бұл оқиғадан соң, Boeing акциялары Нью-Йорк биржасында 9,01%-ға дейін және 226,56 долларға дейін құлдырады. Вoeing ұшағымен болған апатты жағдайдан соң, америкалық реттеуші бұл ұшақтардың АҚШ әуе кеңістігінде ұшуына шектеу қойып, 171 ұшақтың америкалық авиакомпаниялардың пайдалануын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ал Қазақстанда 5 Boeing 737-9 MAX ұшағы тіркелген және олардың барлығында ұшуға жарамдылық сертификаттары бар. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі еліміздегі осы типтегі ұшақтарды пайдаланушылармен, сондай-ақ Boeing және FAA-мен әрі қарай шаралар қабылдау қажеттілігін бағалау үшін байланыс орнатқан.

Комитеттің түсіндіруінше Қазақстан Республикасының пайдаланушылары әуе кемелеріндегі апаттық шығу есіктерін (апаттық шығу люгімен емес) пайдаланады, сәйкесінше директива осы әуе кемелеріне қолданылмайды.