Жаңалықтар

Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікті қаламайтындар бар – Пашинян

Фото: Газета ру

Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнағанын қаламайтындар бар екені жасырын емес. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Армения мен Әзербайжан екі түрлі дипломатиялық тілде сөйлеп келді. Арменияда да, Әзербайжанда да, сондай-ақ шет елдерде де бейбітшілікті қаламайтын күштер бар және бола береді»,– деді Пашинян.

2023 жылдың 23 қарашасында Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартты

Арменияның ұйым көмегінен бұлайша бас тартуы бірінші рет емес. 2022 жылдың қарашасында Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияға көмек көрсету бойынша бірлескен шаралар туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасына қол қоюдан бас тартқан. ҰҚШҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Станислав Зась кездесуден кейін, журналистерге құжаттың жалпы келісілгенін және Арменияға көмек көрсету бойынша шаралар кешені белгіленгенін айтқан.

Бір апта бұрын Никол Пашинянның Минскіде өтетін ҰҚШҰ отырысына келуден де бас тартқаны белгілі болды.

Осыған дейін Армения Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың ҰҚШҰ-ға мүшелігі белгілі бір қиындықтар тудырып отырғанын мәлімдеген болатын. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіген.

Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.

«Бүгін біз ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.

Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.