Жаңалықтар

«Қазатомөнеркәсіп» энергетикалық нысандарды жапондық технологиямен жабдықтайды

Қазатомөндіріс

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Жапонияның екі компаниясымен меморандумға қол қойды / Фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» энергетика объектілерінде жапондық технологияларды қолдана отырып, өндірістік қауіпсіздікті автоматтандырады. Сол мақсатта компания Furukawa Electric Power Systems Co. (FEPS) мен Sumitomo Corporation Power & Mobility Co. компанияларымен меморандумға қол қойды.

Бұл технология көмегімен өндірістік объектілердегі электр жеткізетін әуе желілерінде қардың жиналуы мен мұздың қатуын автоматтандырылған түрде болдырмауға мүмкіндік береді. Furukawa Electric Power Systems Co. пилоттық жоба ретінде Түркістан облысындағы «Уранэнерго» ЖШС-тің жоғары вольтты желісінде жабдықтардың тәжірибелік үлгілерін орнату мүмкіндігін қарастырады.

«Уранэнерго» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымы, ол электр энергиясын беру мен таратуды, оңтүстік өңірлердегі барлық уран өндіруші кәсіпорындардың электр желілері мен қосалқы станцияларын пайдалануды жүзеге асырады, сондай-ақ Таукент және Қыземшек кенттерін электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

«Жаңа жабдық мұздың қатуын болдырмай, электрдің ажырату қаупін барынша азайта отырып, әуе электр желілеріндегі мұзды-аязды шөгінділердің пайда болуының алдын алуды қамтамасыз етеді. 2025 жылға дейін жалғасатын жаңа жабдықты тестілеу нәтижелері бойынша атом холдингінің энергетиктері технологияны нақты жағдайда бағалайды. Қазатомөнеркәсіп пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда объектілерді энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында технологияны одан әрі өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді қарастыруды жоспарлап отыр», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2024 жылға арналған өндіріс жоспарына өзгеріс енгізді. Оған – уран өндіруге қажетті күкірт қышқылының қолжетімсіздігі себеп болып отыр.

Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі Компанияның 2024 жылы өндіріс көлемін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың 90% деңгейіне дейін ұлғайтатынын мәлімдеген. Алайда жаһандық жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға, атап айтқанда күкірт қышқылының тапшылығына байланысты бұл жоспарды орындау қиынға соғуы мүмкін.

«Қазатомөнеркәсіп үнемі барлық күш-жігерін жұмсап, негізгі материалдар мен реагенттерді жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда, алайда күкірт қышқылын жеткізу төңірегінде қалыптасқан күрделі жағдай Қазақстанда да, тұтастай алғанда өңірде де қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының шикізатқа өсіп келе жатқан сұранысын, сондай-ақ ішкі және сыртқы өңірлік нарықтағы тапшылықты ескере отырып, жеткізушілермен алдын ала уағдаластықтар 2024 жылға күкірт қышқылының талап етілгеннен аз көлемін қамтамасыз ете алды. Күкірт қышқылын жеткізудің баламалы көздерін белсенді іздеудің жалғасуына қарамастан, қазіргі болжамдар Компанияның жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының деңгейімен салыстырғанда өндірістің 90% деңгейіне жетуі қиын болуы мүмкін екенін көрсетеді», – деп мәлімдеді компания.

Қазіргі уақытта Компания қалыптасқан жағдайдың оның операциялық қызметіне қалай әсер ететінін бағалап жатыр. 2024 жылғы 1 ақпанға дейін есептеулер жүргізіліп, 2024 жылға арналған өндіріс жоспары бойынша нақтыланған болжамдарын ұсынбақ.

Өндірістегі қиындықтарға қарамастан, «Қазатомөнеркәсіп» 2024 жылға арналған жеткізілімдер бойынша барлық қолданыстағы клиент алдында өзінің келісімшарттық міндеттемелерін ұстанатынын мәлімдейді.

Егер күкірт қышқылы тапшылығы жойылмаса, Компания 2024 жылы жаңа кеніштерде құрылыс кестесі бойынша артта қалушылықты қысқарта алмауы мүмкін және бұл Қазатомөнеркәсіптің өндірістік жоспарларына және 2025 жылы жеткізу тізбегіне айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін.

«Компания осы жағдайды шешуге күш салуын жалғастырады және күкірт қышқылының қол жетімділігі және оның өндіріске әсері бар жағдай дамыған сайын мүдделі тараптарды тиісті түрде хабардар етеді», – деп хабарлады компания.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қарашасында уран бағасы қымбаттағанымен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайғаны айтылды.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына сәйкес компанияның таза пайдасы 2022 жылдың жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға азайып, 300, 974 млрд теңгені немесе 653 млн долларды құраған.