Жаңалықтар

Бағасы 7 млрд теңге болатын синтетикалық есірткіні отбасылық жұп дайындаған

синтетикалық есірткі
Фото: polisia.kz

ІІМ құзыретті органдары Алматы облысының Казцик ауылында синтетикалық есірткі өндіретін ірі зертхананы анықтады. Бұл жайлы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, есірткі өндірісімен Алматыдан келген отбасылық жұп айналысқан. Олар осы мақсатта арнайы үй сатып алып, оның жанына зертхана үшін жабдықталған үй-жай салған. Зертхана тыйым салынған заттардың синтезі үшін арнайы дайындалған. Онда химиялық реакцияларға арналған агрегаттар, өндірістік сірінді және алынған есірткіні кептіру cөрелері орнатылып, қабырғалар жылуоқшаулау материалдарымен қапталған.

«Отбасылық жұптың қылмыстық әрекеттерінің дәлелдемелері ретінде полицейлермен екі зертханалық реактор, 100 кг синтезделген есірткілік ұнтақ тәріздес зат және есірткіні өндіруге арналған 800 литрден астам прекурсор тәркіленді. Осылайша бұл жағдайда еліміздің қалаларының көшелерінде тарайтын бағасы 7 млрд теңге болатын, қатты әсер ететін синтетикалық есірткінің 550 мыңға жуық дозасының алды алынды. Топ құрамында аса ірі көлемде есірткі өндіргені үшін ұсталғандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

ІІМ хабарлауынша синтетикалық есірткіні өндіру үшін қолданылатын құрал-жабдықтың айналымына да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Есірткі құрал-саймандарының айналымына қатысы бар адамдар 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жақында ғана ІІМ Алматыдан Астанаға синтетикалық есірткі тасымалдағандар ұсталғанын хабарлады. Астана қаласында логистикалық компания арқылы есірткінің ірі партиясын алу кезінде Павлодар облысының тұрғыны ұсталған. Тінту кезінде ол азаматтың автокөлігінен 4,8 кг мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген.

13 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан екі шетел азаматын құрықтады. Олардың зертханасынан тінту барысында 30 кг «альфа-PVP» психотропты затының дайын өнімі анықталып, заңсыз айналымнан алынған. Сонымен бірге 5.5 тоннадан астам прекурсорлар да тәркіленген.

Бір жылда қанша есірткі тәркіленді?

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.

Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықтап, жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.

Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып тәркіленген.

Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.