Атырау облысында КҚК мен жер пайдаланушы арасында жер дауы туындаған. Бұл жайлы КҚК басқарма төрағасы Николай Горбаньның қатысуымен өткен брифингте айтылды.
«Атырау облысы арқылы өтетін мұнай құбырының заңсыз жерге салынғаны туралы ақпарат тарағаны белгілі. Жер иесі құбырдың рұқсатсыз, заңсыз салынғаны мәлімдеген. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?»,– деп сұрады журналистер.
Өз кезегінде консорциум басшысы мұндай ешқандай заңсыздық болмау тиіс екенін, о баста құбыр салынған кезде ондай кедергілердің болмағанын мәлімдеді.
«Шыны керек, бұл өте қызық жағдай. Жер иеленуші адам келіп, «құбыр заңсыз салынған алып тастаңыз» деген нәрсе миға қонымсыз. Негізінен ол жерде құбырдың жатқанына біраз уақыт болған. Бұл жерден 1988 жылы құбыр жүргізілген.
Ал 2000 жылы құбыр КҚК-на беріліп, жұмыс істей бастады. 2014 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, құбыр жаңартылды. Сол 2000 жылы және 2015 жылы бізге сервитут берілген болатын. Бұл үкіметтің қаулысымен жүзеге асыралатын үрдіс. Бұл – Қазақстанның мұнайын әлемдік нарыққа экспорттталуын қамтамасыз ететін стратегиялық объект. Оған қалайша біреу келіп, жерді босатыңдар деп талап қоя алады? Қазақстанның құзыретті органдары бұл мәселені шешетініне сенімдіміз. Алыстағы ашық далада кім тұрмыстық кешен салады? Инфрақұрылым жоқ, ол жерде кім тұрады? Егер мәселе дұрыс шешілмесе, мұнай экспортын тоқтатуға тура келе ме? Біздің мұнай құбырымыз заңсыз салынуы мүмкін емес»,– деді Горбань.
Еске сала кетсек, Горбань 2023 жылы Каспий құбыр консорциумының шоғырландырылған кірісі 2,3 млрд долларды құрағанын, ал «КҚК-К» АҚ таза табысы 77 млрд теңге болғанын айтты. Консорциум басшысы 2023 жыл компания тарихындағы мұнай тасымалдау көлемі бойынша рекордтық жыл болғанын атап өтті.
Ол теңіздегі дауылдар тасымалдаудың жоспарлы уақытта жүзеге асырылуына кедергі келтіргеніне қарамастан, жалпы жылдық жоспар орындалғанын мәлімдеді.
Ал 2024 жылға қарай тасымалданатын мұнай көлемінің артуына байланысты бұл көрсеткіштер өседі. Алдын ала болжамға сәйкес, КҚК шоғырландырылған кірісі 2,5 миллиард долларға дейін артады деп күтілуде. Оның ішінде «КҚК-Қ» акционерлік қоғамының болжамды шоғырландырылған кірісі 236 млрд теңгеге жетіп, таза пайдасы – 92 млрд теңге көлемінде болуға тиіс. Ал салық шегерімдері – 48 млрд теңге мөлшерінде болады деп болжанады.
Сонымен бірге консорциум басшысы «КҚК-Қ» АҚ акционерлеріне алғаш рет дивиденд төленгенін айтты. 2023 жылы КҚК акционерлері дивиденд ретінде 1,34 миллиард доллар алды. Соның ішінде Консорциум алғаш рет Қазақстан Республикасындағы «КҚК-К» АҚ акционерлеріне 93,5 млн АҚШ доллары көлемінде аралық дивидендтер төлеген.