Мұнай транзиті: Ресей Қазақстан арқылы Қытайға жылына 10 млн тонна мұнай тасымалдайды

Жарияланды (жаңартылды )
мұнай транзиті
Фото: ҚазТрансОйл

Қазақстан арқылы Қытайға жеткізілетін Ресей мұнайының көлемі артады. Екі елдің үкіметі мұнай транзиті туралы құжатты бекітті.

Құжатқа сәйкес Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қытайға ресейлік мұнай транзитінің көлемін 10 миллион тоннаға дейін арттырмақ. Сонымен бірге Қазақстан да жыл сайын Ресей арқылы транзитпен Павлодар мұнай-химия зауытына 1 миллион тоннаға дейін меншікті мұнай мен газ конденсатын жібере алады. Қазақстан мұнайының транзиті Атыраудан бастау алады. Яғни қазақстандық мұнай «Атырау – Самара – Туймазы – Омбы – Новосибирск-2 – Прииртышск – ПМХЗ» бағыты бойынша тасымалданады.

Келісімге қосымшада 2023 жылы Қазақстан мұнайының Ресей Федерациясы арқылы транзитпен экспорты 73 миллион тонна, оның ішінде Атырау-Самара арқылы 15 миллион тонна, Каспий құбыр консорциумы арқылы 54 миллион тонна, 4 миллион тонна көлемінде көрсетілген.

Ал Ресей мұнайы Қазақстанның Атасуын басып өтеді. Ресей мұнайының транзиті мынадай: Туймазы-Омск-Новосибирск-2, Омск-Прииртышск-Атасу-Алашаңқай.

Бұрын Ресей Қытайға жылына 7 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдаған. Жаңа құжатқа сәйкес, Ресей Қытайға жылына 10 млн тонна мұнай жеткізіп тұрмақ. Ал тасымалдау бойынша көрсетілетін қызмет инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі.

Мұнай транзиті бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтер инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын индекстелуі мүмкін. Бұл ретте салыстырмалы шарттарда көрсетілген тарифтер мұнайды транзит режимінде емес тасымалдау үшін белгіленген тарифтерден аспайтын болады.

Еске сала кетсек, біз бұл құжаттың алғаш талқылауға шығарылғаны туралы жазған болатынбыз. Қаулыға сәйкес транзит көлемі, мұнай транзиті үшін тарифтер мен есеп айырысу бойынша өзектендіру, сондай-ақ Келісімді он жылдық кезеңге ұзарту көзделеді.

Құжатта ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтерді белгілеу ерекшеліктері 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен айқындалатыны жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз