Жаңалықтар

Бақытжан Базарбек Алматының тау бөктеріндегі көп қабатты тұрғын үй құрылысына тыйым салуды ұсынды

Алматының
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Фото: baq.kz

Мәжіліс депутаттары кешегі жер сілікінісінен кейін, Алматының тау бөктерінде екі қабаттан асатын тұрғын үй құрылысына тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар жер қыртысы жарылған, сел және көшкін қаупі бар аймақтарда жер телімін беруге заңмен тыйым салу керектігін айтты.

Бақытжан Базарбек мәжілісмендер атынан Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа қала құрылысна қатысты бірқатар ұсынысты қамтыған депутаттық сауал жолдады.

Депутат Алматының сейсмикалық қауіпсіздік саласында қатаң және іргелі стандарт қабылдауды ұсынды.

«Тектоникалық жарық бар аумақтарда құрылысқа тыйым салу керек», – деді депутат.

Сонымен қатар Базарбек мәслихат пен әкімдікке қала аумағын дамыту қағидаларын әзірлеу және бекітуде қосымша құзырет түріндегі ерекше мәртебе беру керек деп санайды. Одан бөлек, депутат құрылысты қабылдап алар алдында міндетті түрде сейсмоаудит өткізу қажеттігін де атап өтті.

2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.  

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.

Жер сілкінісінен кейін Алматыдағы 19 ғимараттан жарықшақ табылған.

Бұған дейін Алматының тау бөктерінде орналасқан бірнеше тұрғын үй кешені мен клуб үйлері бұзылатыны хабарланған.

Алматының таулы аймағындағы заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілген. Заң талаптары мен құрылыс нормаларын сақтамай салынып жатқан 52 нысан анықталған.

Сондай-ақ құрылысы күмәнді, рұқсат құжаты толық емес тұрғын үй кешендерінің тізімі жаңаланған.