Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке «Әділдік жолы» қорынан Алматыдағы жер сілкінісі кезінде қосылмаған сейсмикалық дабыл жүйесіне қатысты шағым түскен. Ведомство тексеру жұмыстарын бастаған.
Агенттік «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұловтың өтінішін қабылдаған. Ол құны 1,1 млрд теңге болатын жер сілкінісі туралы дабыл жүйесін орнатуға тиіс компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі екенін жазған.
«Біз бұл ақпаратпен танысып шықтық. Әріптесіміз Дидар Смағұловтың жазбасын да оқыдық. Аталған факті бойынша Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті «Әділдік жолы» қорының өтінішін тіркеді. Тексеру жүргізу үшін материалдар уәкілетті органға жіберілді және оның нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады», – деді агенттіктің ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Желіде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті Нұрәлі Әлиевтің компаниясынан 1,1 млрд теңгеге жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алған.
Алматы қаласы ТЖД мәліметі бойынша, 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталған. Бұл стансалар ТЖД тапсырысы бойынша салынған.
Тап қазіргі уақытта жүйе тәжірибелік пайдалануға берілген. Сондай-ақ жүйенің сынақтан өтуіне жарты жыл кетеді.
Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутаттар Алматыда жер сілкінісі кезінде ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесі неліктен жұмыс істемеді деген мәселені көтерді.
«Алматыдағы кешегі жер сілкінісі азаматтарды ескерту жүйесіндегі айқын кемшіліктерді көрсетті… Google бұл туралы алматылықтарға андройд арқылы хабарлады. Біз ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінен де, ұлттық оператордан да емес, ғаламдық қызметтерден алдық. Қиын жағдайда бізге кім қамқорлық жасауы керек – Билл Гейтс, Илон Маск па? Біздің ескерту жүйемізде не дұрыс емес? Неліктен байланыс арналары жұмыс істемейді?», – деп шамданды мәжілісмен Сергей Пономарев.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.