Қазақ мұнайын Еуропаға тасымалдау құны қымбаттайды

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Қазақ мұнайын Еуропаға
Мұнай тасымалдау құны қымбаттады Фото: shutterstock

Беларусь мемлекеті Қазақстаннан Еуропаға тасымалданатын мұнай транзиті тарифін 38%-ға, ал Ресейдің мұнайын тасымалы құнын 10,2%-ға көтереді.

Елдің Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігі республика арқылы өтетін мұнай транзиті тарифін қымбаттатты. Беларусьтің ұлттық құқықтық интернет-порталында арнайы құжат жарияланған. Онда 1 ақпаннан бастап «Унеча (Высокое) – Адамова-Застава» құбырымен мұнай тасымалдау қызметінің тарифі 629,26 ресей рублі деп белгіленген.

Яғни Германия бағытындағы құбырдың Ресей шекарасынан бастап Польшаға дейінгі аралығында мұнай тасымалдау құны 38% қымбаттайды. 2023 жылдан бері баға 1 тонна мұнай үшін 455,94 рубль еді. Биыл 1 ақпаннан 629,26 рубль болмақ. Теңгеге айналдырсақ, Ұлттық банк бағамы бойынша 1 тонна мұнай тасымалдау үшін 3 171,47 теңге төлеу керек.

Ал «Унеча (Высокое) – Броды учаскесі» бойынша (РФ шекарасынан Украина, Венгрия, Словакия және Чехия бағытында) мұнай тасымалдау тарифі 10,2%-ға қымбаттап, 1 тонна үшін 215,78 рубль болмақ.

Беларусь мұнай өңдеу зауыттары (Нафтан және Мозыр МӨЗ) үшін магистралдық мұнай құбырлары арқылы мұнайды тасымалдау тарифі де 10,2%-ға өседі.

Ұсыныс 2023 жылы жасалды

Былтыр Беларусь Қазақстаннан Еуропаға тасымалданатын мұнай транзиті тарифін 43%-ға, ал Ресейдің мұнай тасымалы құнын 14,5%-ға көтеруді ұсынған еді.

Минск «Дружба» мұнай құбырының қазақ мұнайын тасымалдайтын солтүстік тармағы үшін тарифті – 43 пайызға көтермек. Ал Ресейден Еуропаға мұнай жеткізетін оңтүстік тармағына тарифті 14,5 пайызға көтеру жоспарлаған.

Беларусь тарапы мұнай тасымалы шығынын жабу үшін тарифті көтеру қажет екенін айтып хат жолдаған.

«Коммерсантъ» басылымы бұл хатта транзиттік бағыттардағы жүк айналымының 2022 жылмен салыстырғанда бес есе азаюына әкеп соққан «күтпеген жағдайлар» туралы жазылғанын хабарлайды.

Ресейге санкция салынуына байланысты Польша мен Германия ресейлік мұнайды қабылдаудан бас тартты. Сондықтан «Дружбаның» солтүстік тармағымен Еуропаға тек Қазақстаннан шикізат тасымалданып жатыр.

2023 жылдың басында Германия мен Польша Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатқан болатын. Германия қазақстандық мұнайды сатып ала бастады.  Бірақ көлемі әлдеқайда аз. «ҚазТрансОйл» 2023 жылы «Достық» құбырымен Германияға 1,2 млн тонна жеткізу үшін «Транснефтьпен» келісім жасасқан. Жиыны ай сайын 100 мың тоннадан келетін еді.

Алайда «ҚазТрансОйл» былтыр «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы 993 мың тонна мұнай тасымалдады.

Қазақстан 2024 жылы да «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай жеткізбек.

2024 жылға жүк жөнелтушілерден өтінімдер түскен. Ол бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» Адамова Застава бекеті бағыты бойынша 1,2 млн тонна тасымалдайды.

Сондай-ақ оқыңыз