Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте президент жер сілікінісі кезінде дабыл қағылмауын дұрыс шешім деп бағалады.
«Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Азаматтар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан көмек алуға болады?» деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет», – деді Президент.
Президент халықтың да төтенше жағдайлар департаментінің де дайын болмағанын айтты. Тұрғындарда «төтенше жағдайға қажетті чемоданның» болмағанын айтты.
«Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы 5 жылда сейсмологиялық станциялар 45 мыңнан астам жер сілкінісі оқиғасын тіркеген. Олардың басым бөлігі төмен магнитудалы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан аумағының үштен бір бөлігі жер сілкінісіне бейім екенін айтты. Сол себепті инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты екенін айтты. Төтенше жағдайларға қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дайын болуды тапсырды.
«Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС-не қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ президент құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін таппай отырғанын сол үшін зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарау қажетін айтты. Мемлекет басшысы жауапты органдарға осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзетуді тапсырды.
Алматыдағы жер сілкінісі
Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын Алматыда жер сілкінген болатын. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.
Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады. Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтты.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.
Сонымен бірге Алматы қаласы ТЖД тапсырысы бойынша 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асқан. Яғни 2022 жылы 11 сейсмикалық станса салынса, 2023 жылы 17 сейсмикалық станса салынып біткен. Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі қазір тәжірибелік пайдалануға берілген. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп жатыр және сынақ режимінде. Жүйе әлі алты ай сынақтан өтеді.