Жаңалықтар

KEGOC SPO-сынан түскен 22,7 млрд теңге инвестициялық жобаларға жұмсалады

KEGOC SPO-сынан  22,7 млрд теңге түскен
KEGOC SPO-сынан 22,7 млрд теңге түскен. Фото: KEGOC

KEGOC SPO-сынан 22,7 млрд теңге түскен. Бұл қаражат еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағы желілерін күшейтуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларға жұмсалады. Бұл туралы KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов мәлімдеді.

Нәби Айтжанов компания акцияларының инвестициялық тартымдылығын айқындайтын 3 негізгі факторды атап өтті.

Біріншіден, компания қызметіне сұраныс жыл сайын арта береді. KEGOC – Қазақстанның Біртұтас энергия жүйесінің жүйелік операторы. Жаңа генерацияның енгізілуіне байланысты, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 113 млрд.кВт/сағаттан 146 млрд. кВт/сағатқа дейін немесе 29%-ға өсуі мүмкін.

«Компанияның таза пайдасы жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша таза пайда 2022 жылмен салыстырғанда 60%-ке өсті 2022 жылы – 26,7 млрд теңге пайда тапса, 2023 жылы 42,7 млрд теңге болды»,– деді ол,

Сонымен қатар KEGOC SPО-сының алдында дивидендтік саясат қайта қаралған. Нәтижесінде таза пайданың кемінде 60%-ы инвесторларға бөлінуге тиіс. Бұл ретте, дивидендтік кірістілікті 1 акцияға есептегенде жылдық 10%-дан 11-12%-ға дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр.

Оған қоса, компанияның кредиттік рейтингі жоғары.

Екіншіден, сұраныс пен ұсыныс факторы. Қазіргі кезде компания акционерлерінің арасында 68 мыңнан астам жеке және 55 институционалдық инвестор бар. Акционерлердің мұндай құрылымы бөлшек сауда инвесторларының жоғары қызығушылығы мен сенімін байқатады.

Үшіншіден, PR-фактор.

«KEGOC тұрақты негізде қызметтің ашықтығы мен жариялылығын көрсететінін атап өткен жөн. Бұл қазіргі және әлеуетті инвесторларға барлық оқиғадан хабардар болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар банктердің аналитиктері акциялардың құны бір жыл ішінде 1 акция үшін 1 550 теңгеден 1 950 теңгеге дейін оң өсімді көрсетеді деп болжайтынын атап өткім келеді», – деді ол.

Компанияның 2023 жылы өткен SPO-сы – Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.  

SPO барысында 15 294 118 акция әр данасы үшін 1482 теңгеден орналастырылған.

Қазақстандықтар KEGOC-тың SPO-сына үлкен қызығушылық танытып, 34,8 млрд теңге сомасына 50 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Бұл ұсыныстан 1,5 есе асып түсті. 22,7 млрд теңге сомасына өтінім қанағаттандырылса, соның ішінде жеке тұлғалар 15,2 млрд теңгеге (67%) акция сатып алған.

Қайталама орналастыруда KEGOC компаниясының 5 пайыз акциясы нарыққа шығарылды.

SPO қорытындысы бойынша, компаниядағы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі 85%-ға дейін қысқарды, БЖЗҚ үлесі өзгермеді. Есесіне еркін айналымдағы акциялар қатары 2,7%-дан 8,1%-ға дейін жетті.