Жаңалықтар

Су ресурстары министрі барлық су объектілерін жөндеуге 2-3 трлн теңге қажет екенін айтты

Барлық су қоймаларын жөндеуге 2-3 трлн теңге қажет/kursiv.media

Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 трлн теңге қажет. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысынан кейін болған брифингте мәлім етті.

Брифинг барысында журналист министрге:«Бүгінгі ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстандағы көптеген су қоймасы 30 тіпті 50 жыл бойы жөндеу мен қайта құрылымдау көрместен пайдаланылып келеді. Астанадағы су шаруашылығы объектілерінің тозуы 60 пайыздан артық. Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға қанша қаражат керек?», – деген сұрақ қойды.

«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді  жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 трлн теңге қажет», – деді министр.

Сонымен қатар министр Үкімет қаулысымен бекітіліп стратегиялық объект ретінде қаралатын 87 су қоймасы бар екенін атап өтті.

«Стратегиялық деу себебі төтенше жағдай болғанда қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан олар ерекше бақылауда», – деді министр.

Сондай-ақ министрлік пен жергілікті атқарушы органдар жыл сайын су қоймаларына көп факторлы зерттеу жүргізетіні айтылды. Осының нәтижесінде су қоймалары қауіпсіздігі декларациясы қабылданады.

«Биылғы жылы республикалық бюджеттен министрлікке 1,5 трлн теңге бөлінген. 40 су қоймасының қауіпсіздік жұмысы жүргізіледі», – деді министр.

Еске сала кетер болсақ бүгін Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды.

Елдегі су мәселесі қалай шешілуде

Елімізде 9 жыл ішінде су инфрақұрылымына 1 трлн 100 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл жайлы Мәжілісте өткен жиында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтқан болатын.

ЖАП басшысы оңтүстік өңірлерде суармалы жерлердің тек 5 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары пайдаланылатынын айтты. Тіпті соның өзі бір жылда 0,2 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін сөз етті.

ПРООН мәліметі бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанда су көлемі 75 мың км3 дейін азаяды. Оның үстіне Қазақстан сыртқы суларға тәуелді. Трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемі жылдан-жылға азайып бара жатқаны да жасырын емес. Годунова судың Қазақстан үшін оңай жолмен келмейтініне қарамастан, елімізде су мүлде үнемделмейтінін айтты. 

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек суды тиімді пайдалану мен оның өзектілігі жайлы мәселені көтерді. 2040 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метр болатын айтып, жан айқайын жеткізген.

Су тапшылығының таяу арада шешімін тапайды деуіне бірнеше дәлел келтірген депутат ресми деректерді келтірді. Оған сәйкесінше, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар екен. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Бақытжан Базарбек олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-сі – иесіз екеніне баса назар аудартты.