Solva-ның қазіргі акционері 4,4 млрд теңгеге компанияның қарапайым акцияларын сатып алды
«ОнлайнҚазФинанс» (Solva) МҚҰ-ның қазіргі акционері 4,4 млрд теңгеге қарапайым акцияларын сатып алды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың қаңтарында жасалған бірнеше транзакция нәтижесінде МҚҰ-ның жарғылық капитал 4,4 миллиард теңгеге ұлғайған. Нәтижесінде қаржы ұйымың жарғылық капиталы 14,4 млрд теңгеге жеткен.
Бұған дейін «Онлайн-ҚазФинанс» микроқаржы ұйымының иелері Solva компаниясына тиесілі акциялардың бір бөлігін кері сатып алуға ниетті екенін хабарлаған. Solva өзінің 15,4 миллион қарапайым акциясын сатып алды.
Жарғылық капиталдың көлемін арттыру микроқаржы ұйымын банкке айналдыру аясында жоспарланған. Жарғылық капиталды инвестициялау банкке айналатын қаржы ұйымының жарғылық капиталын қалыптастыру талаптарына сәйкес келеді. Қаржыны компания құрылтайшылары – Борис Батин мен Александр Дунаев жеке қаражаты есебінен құйған.
Қаңтарда микроқаржы ұйымы $200 млн облигация шығаратынын мәлімдеді. Облигациялар шығарылымы Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар тізіліміне J98 номерімен енгізілген.
Бұл МҚҰ банктік лицензия алуға дайындалып және қазіргі уақытта «Solva Bank» АҚ болып қайта құрылып жатыр. Мұндай шешімді сол кезде жалғыз акционері – IDF Eurasia холдингі қабылдаған.
Қазір Sоlvа Group бенефициарлары, компанияның негізін қалаушылар: Борис Батин мен Александр Дунаев. Сондай-ақ сингапурлық Rekemado Pte Ltd және Mutineers Pte Ltd компаниясы.
«ОнлайнҚазФинанс» – Қазақстандағы банктік емес қаржыландыру нарығындағы кепілсіз қаражат беретін ең ірі микроқаржы ұйымдарының бірі. Ол 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Компания микро, шағын және орта бизнес үшін цифрлық қаржылық шешімдерді ұсынады. Соңғы екі жылда осы ұйым арқылы Қазақстанның 58 мың кәсіпкері 69 млрд теңгеге қаржыландырылған.
2022 жылы Ресей мен Украина арасында кең ауқымды соғыс басталып, Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін, Solva-ның меншік құрылымы өзгерді. Батин мен Дунаев миноритарлық акционерлермен бірге АХҚО-да тіркелген Solva Group холдингі арқылы қазақстандық бизнестің акцияларына тікелей иелік ете бастады. Осыдан кейін Қазақстанда жүргізілген барлық операция заңды түрде басқа елдердегі бизнестен тәуелсіз болды.