ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов алғашқы жиынын өткізді. Үкімет басшысы ұлттық экономика, қаржы, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау министрліктерінің жаңа басшыларын таныстырды.
Бектенов жаңадан тағайындалған Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа ведомство алдында экономикалық ауқымды және амбициялық міндеттер тұрғанын, оны орындау өзіне жүктелетінін айтқан.
«Ұлттық экономика министрлігін – реформалар мен экономикалық өсімге қол жеткізуді жүзеге асыратын негізгі күш деп айтуға болады. Бұған қажетті барлық ресурс бар. Ең бастысы, министрлікті формализмсыз, бюрократиясыз, қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс істеуге бағыттағым келеді. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек», – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы тағы бір маңызды мемлекеттік орган Қаржы министрлігінің жаңа басшысы Мәди Такиевті таныстырып, бұл ведомствоға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
«Мемлекет басшысы да, премьер-министр ретінде мен де Қаржы министрлігінің барлық бағыт бойынша нақты, белсенді жұмыс атқаратынына сенеміз», – деді ол.
Сонымен бірге жаңа құрам өкілі Шыңғыс Әріновты таныстырды. Олжас Бектенов жақында ғана Алматыда Мемлекет басшысының жер сілкінісінен кейін министрлікке нақты сын айтқанын, Әріновке соны реттеу міндеті тұрғанын айтқан.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және алдын алу жүйелерін жаңғырту бойынша өте маңызды міндеттер тұр. Президент қойған міндеттерді Шыңғыс Сайранұлы абыроймен орындайды деп ойлаймын», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Ақмарал Әлназарованың тәжірибесі мен жоғары кәсіби біліктілігіне сенім артатынын жеткізді. Жаңа министрге Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру міндетін тапсырды.
«Бұл – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыты. Денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Біз бұған жан-жақты көмектесеміз», – деді Бектенов.
Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдадады. Үкіметті басқару функциясы уақытша Роман Склярға жүктелді.
Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Ал Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы бұл ұсынысты қабыл алған болса, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.
6 ақпан күні үкімет құрамы қайта жасақталды. 4 министрден өзгесі лауазымын сақтап қалды. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз қызметтерінен айырылды.
Жаңа Қаржы министрі 45 жастағы Мәди Такиев болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы болып 52 жастағы сенатор Ақмарал Әлназарова тағайындалды.
Ал 40 жастағы Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болды.
«Бәйтерек» холдингін басқарған Нұрлан Байбазаров Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.