Freedom Finance Global AIX пен Лондон қор биржасында (LSE) Air Astana компаниясының ҒДҚ-сы және АҚШ долларына деноминацияланған акцияларын негізгі саудадан бұрын сатып алу мүмкіндігін ұсынады. Бұл туралы AIX таратқан хабарламада жазылған.
ҒДҚ-мен шартты сауда AIX пен LSE биржасында Астана уақытымен 14:00-де, (Лондон уақытымен 8:00) 9 ақпан күні өтеді.
Ал АҚШ долларына деноминацияланған қарапайым акциялардың шартты саудасы дәл осы уақытта тек AIX биржасында ғана басталады. Freedom Broker AIX биржасындағы маркет мейкер болады.
AIX Басқарма Төрайымы Әсел Мұқажанова Freedom Broker-мен ынтымақтастық арқасында қазақстандық инвесторлардың ертерек сауда жасауына мүмкіндік туғанын атап өтті. Бұл – Қазақстан қор нарығындағы алғаш шартты сауда.
Freedom Finance Global директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов:
«Клиенттеріміз бен қор нарығында сауда-саттық бастауды енді жоспарлап отырғандардың арасында Air Astana-ның бағалы қағаздарына деген жоғары қызығушылық пен үлкен сұраныс байқалады. Тәжірибеміз мол әрі қажетті технологияларымыз болғандықтан, біз АІХ-тың бастамасын қолдауға әрі пре-маркеттегі таңғы уақыттағы сауда-саттық кезеңінде маркет-мейкер болуға қуана-қуана келістік. Біздің АІХ-пен ынтымақтастығымыз қазақстандықтарға шетелдік инвесторлармен қатар бағалы қағаздармен сауда жасауды бастауға және өздерінің қағазға деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мәміле жасау рәсімі қалыпты, инвестор бар болғаны өзінің брокері арқылы биржалық бұйрық беруі қажет», – деп атап өтті.
Негізгі сауда қашан басталады?
AIX (ҒДҚ мен қарапайым акциялар), KASE (қарапайым акциялар) және LSE биржасында (ҒДҚ) шартсыз сауда 2024 жылдың 15 ақпанында басталады.
IPO кезінде тапсырыс берген инвесторлардың есеп-шоттарына ЖДҚ мен қарапайым акциялар түскен кезде, шартты сауда негізгі саудаға ұласады.
IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.
Компания IPO барысында KASE мен AIX алаңында 141 млн қарапайым акциясын орналастырады. Ал LSE мен AIX алаңына ғаламдық депозитарлық қолхаттары шығарылды.
Air Astana IPO барысында нарықтан $300 млн тартуды жоспарлап отыр. Соның 120 млн доллары әуе компаниясының стратегиялық даму бағдарламасына жұмсалады. Авиациялық парк жаңарады, қосалқы бөлшектер алынады. Оқу-тәжірибелік базасын нығайтады.
Инвесторларға «Самұрық-Қазына» қоры мен британдық BAE Systems компаниясының акциялары, жаңадан шығарылатын акциялар ұсынылады. Нәтижесінде қор өз үлесін 41%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр. IPO нәтижесі бойынша нарықтық капиталдандыру 770–962 миллион долларды құрауы мүмкін.