Қазақстандық активін сатқан ArcelorMittal холдингінің 2023 жылғы төртінші тоқсандағы кірісі 2,4 млрд долларға төмендеді. Бұл туралы холдингтің есебінде жазылған.
Сонымен қатар төртінші тоқсанындағы EBITDA көрсеткіші (пайыздық шығыстарды, салықтарды шегергенге дейінгі пайда көлеміне тең аналитикалық көрсеткіш) үшінші тоқсанмен салыстырғанда 32%-ға қысқарды. Ақшалай мәнде 1,27 миллиард долларға дейін төмендеді.
Өткен жылы EBITDA 7,6 миллиард долларға дейін төмендеген еді. Бұл бір жыл бұрынғы 14,2 миллиард доллардан шамамен екі есе аз.
Өткен тоқсандағы операциялық шығын 1,9 млрд долларды (үшінші тоқсанда операциялық пайда $1,2 млрд болды) құрады. Ал операциялық кіріс 2,3 миллиард доллар болды. Бұл – бір жыл бұрынғы 10,3 миллиард доллардан жоғары.
2023 жылдың қазан-желтоқсан айларындағы таза шығын 2,97 миллиард долларға жетті (үшінші тоқсандағы таза пайда 929 миллион доллар). Жалпы өткен жылдың таза пайдасы 2022 жылғы 9,3 миллиард доллармен салыстырғанда 919 миллион долларға дейін төмендеді.
«Төртінші тоқсанда кіріс үшінші тоқсанмен салыстырғанда 12%-ға төмендеп, 14,6 млрд долларды құрады. 2023 жылы ArcelorMittal табысы 15%-ға азайып, 68,3 млрд долларға тең болды», – деп жазылған есепте.
Компания жылдық қаржылық нәтижелердің төмендеуін металл сату бағасының 13,5%-ға төмендеуімен байланыстырды. Сонымен қатар қазақстандық активінің сатылуы да бұған ықпал еткен.
Жалпы 2023 жылы компания болат өндірісін 1,5%-ға, 58,1 млн тоннаға дейін қысқартты. Өткен жылы металл экспорты 0,5%-ға төмендеп, 55,6 млн тоннаны құрады.
Компанияның темір рудасын өндіру бір жылда 9%-ға төмендеп, 26,4 миллион тоннаны құрады.
Бұған дейін, 2023 жылдың үшінші тоқсанында холдингтің EBITDA көрсеткіші екінші тоқсанмен салыстырғанда 28% төмендеді.
Компания қазақстандық активін кімге сатты
Еске сала кетсек, былтыр ArcelorMittal Temirtau-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, жұмысшылар қаза тапты. Осы оқиғадан кейін, Қазақстан үкіметі компания басшылығымен өндірісті ұлттық меншікке қайтару туралы келіссөздер жүргізе бастаған еді.
Кейін «ArcelorMittal Temirtau» компанияның меншік құқығы Қазақстанға берілетінін растады. Тараптар арасындағы қол қою 2023 жылы 7 желтоқсанда өтті.
Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобының иесі Андрей Лаврентьев.
Шарлапаевтың сөзінше келіссөз барысында компанияның бұрынғы акционерлері ArcelorMittal 3,5 миллиард доллар сұратқан. «Бұл Әділет министрлігі тартқан халықаралық кеңесшілердің есептеулеріне сәйкес келмеді» деп атап өтті.
«Мемлекет активтердің құнын 3,5 млрд-тан 286 млн долларға дейін төмендетті. Мәмілені іске асыруға бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалған жоқ»,– деді Шарлапаев.
Айтуынша, ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды және келісімге халықаралық заңнамаға толық сәйкес құқықтық алаң аясында қол жеткізілген.
«Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдағы төрт жыл ішінде қысқа мерзімді 250 млн доллар қарызды жабу және 450 млн доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерін өз мойнына алады. Атап айтуымыз керек, 286 миллион доллар ― бұл толыққанды жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны десек болады»,– деп мәлімдеді Қанат Шарлапаев.