Жаңалықтар

Сарапшылар «Қазақтелеком» Tele2 мен Altel-ді қаншаға бағалайды?

Сарапшылар Tele2 мен Altel-ді қаншаға бағалайды? / Фото: Илья Ким

2020 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелекомға» екі ұялы байланыс операторының бірін сатуды ұсынды. Серік Жұманғарин телекоммуникация нарығы бәсекеге қабілетті түрде дамуы үшін ұлттық компанияны жеке секторға беру туралы айтқан.

«Қазақтелеком» өз кезегінде операторлардың сатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда бұл мәселе өткен жылы Цифрлық даму министрлігінде қайта талқыланды. «Қазақтелеком» ұялы байланыс нарықтарын монополиялап, олардың сәйкесінше 80 және 60 пайыздан астамын алып отыр. Бұл ретте нарық қатысушылары Kcell сатылады деп күткен.

Бірақ 2024 жылғы 31 қаңтарда осыған қатысты құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарылды.  Ұлттық экономика министрлігі «2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» қаулысының жобасына өзгеріс енгізді. Құжатқа сәйкес, «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны бәсекелес ортаға беруі тиіс. Мәміле 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Яғни, мәселе «Мобайл Телеком-Сервис» иелігіндегі Tele2 және Altel операторларын сату туралы болып отыр. 

«Өзгерістер жобасы экономикалық өсуді ынталандыру және өндірістік базаны кеңейтуге және өндірісті жаңғыртуға бағытталған қосымша ресурстарды тарту қажеттілігіне байланысты», – деп жазылған құжатта.

«Қазақтелеком» ұялы байланыс операторын қаншаға бағалайды?

Kursiv.kz бұл туралы сарапшылардан сұрады. Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев ықтимал транзакция сомасын қарапайым «баға және пайда» (P/E) формуласы арқылы есептеуді ұсынады. Көрсеткіш компанияның капитализациясы мен оның пайдасының арақатынасы бойынша есептеледі.

«Яғни компанияның таза пайдасын біле отырып, оның шамамен нарықтық құнын анықтауға болады. «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің 2023 жылға арналған қаржылық көрсеткіштері әзірге жалпыға қолжетімсіз. Бірақ компанияның өткен жылдағы пайдасын ЖШС-нің өткен кезеңдердегі есебі арқылы анықтауға болады. Мұнда «Қазақтелекомның» шоғырландырылған және жекелеген есептерін негізге алу керек», – деп хабарлады сарапшы.

2022 жылдың есебіне сәйкес, «Қазақтелекомның» таза табысындағы «Мобайл телеком сервис» үлесі 2022 жылы 50%, 2021 жылы 51%-ды құрады. Соңғы 12 айда «Қазақтелекомның» шоғырландырылған таза пайдасы 129 млрд теңгеге жетті.

«Демек Altel/Tele2 операторының таза пайдасы 64,5 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Салық есептерін пайдалана отырып, таза табысты басқа жолмен анықтауға болады. КТС төлемдерінің ұлғаюына қарағанда ЖШС таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 23% жоғары болуы мүмкі. Бұл қазірдің өзінде 79 млрд теңгені құрайды », – деді сарапшы.

Әрі қарай, аталған формула бойынша ықтимал мәміле құнын шамалап есептеуге болады.

 «Мысалы, Kcell акциялары үшін P/E мультипликаторы бүгінде 14,2-ні құрайды.

Бұл мәнді ЖШС пайдасына (64,5–79 млрд теңге) көбейтсек, біз «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 100% үшін 916–1 122 млрд теңге соманы аламыз», – деп есептеп көрді Данияр Оразбаев.

Бұл ретте ол аталған көрсеткіш өте қарапайым есептеулер негізінде шығарылғанын айтады. Мұнда нарықтық жағдайлар мен ішкі факторлар есепке алынбағанын ескерген жөн.

«Еуразиялық капитал» АҚ-ның талдау бөлімі «Мобайл Телеком-Сервис» қызметінің құнын бағалау үшін ARPU-ды пайдалануды ұсынады. Оны байланыс операторының нарықтық капитализациясының осы оператор абоненттерінің жалпы санына бөліп есептеу керек.

Қазақстандағы абоненттердің саны туралы ең соңғы қолжетімді деректер 2022 жылдың соңына дейін берілген. Бір абоненттің құнын есептеу үшін сарапшылар Kcell-ден салыстырмалы мәліметтер алды.

«2022 жылдың соңында Қазақстандағы абоненттердің жалпы саны 25,2 миллионды құрағанын білеміз. Оның ішінде, Kcell пайдаланушыларының саны 8 миллион абонент. Kcell-дің нарықтық капитализациясы 448 млрд теңге болды. 448 миллиард теңгені 8 миллион абонентке бөлдік. Демек, 55 997 теңге шығады. Бұл 2022 жылдың соңындағы оператордың ұялы байланыс абонентінің орташа құны. 2022 жылдың соңында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның 6,54 миллион абоненті болған. Біз Kcell абоненттерінің «Мобайл Телеком-Сервис» қызметіне экстраполяция жасаймыз. Яғни, абоненттің орташа құнын (55 997 теңге) олардың санына көбейтіп, мобильді байланыс қызметінің құнын шығарамыз. Ол 366,17 млрд теңгеге тең», – деп есептеді талдау бөлімі.

Сондай-ақ, «Еуразиялық капитал» АҚ мұндай сомаға операторды кез келген адам сатып ала алатынына күмән келтіреді.

DAMU Capital Management бас компанияның жалпы капитализациясындағы оператордың үлесін анықтауды ұсынады.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның «Қазақтелеком» кірісіндегі үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Біз «Қазақтелекомды» жалпы капитализациядағы ЖШС құнын дәл осындай сомаға бағалаймыз. Бұл 750–800 миллион долларды құрайды. Осылайша, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС нарықтық капитализациясы шамамен 225–250 миллион доллар болуы мүмкін», – деп есептейді сарапшылар.

Қазіргі бағам бойынша аталған көрсеткіш шамамен 102–113 млрд теңгеге тең.

«Қазақтелеком» есебі қандай

2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» кірісін 6 пайызға немесе 30 млрд теңгеге өсті. Жалпы 504 млрд теңгеге жеткізген.

«Қазақтелеком» құрылымындағы операторлардың бірін жеке инвесторға сату жайлы әңгіме былтыр жазда айтыла бастаған. Абоненттер саны бойынша компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан.

Қараша айында  Бағдат Мусин операторды жеке инвесторға сату мәмілесі 2024 жылға жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сол кезде «Мобайл Телеком-Сервис» және Kcell-де «тиісті тексеріс» жүргізіліп жатқан,

Алайда министр бұл бір жылда бітетін шаруа болмаса да, 2024 жылы жүзеге асуға тиіс деген. Өйткені байланыс нарығын демонополизациялау Мемлекет басшысының бақылауында тұр.