Жаңалықтар

Қазақстан Ақтау порты арқылы мұнай экспортын ұлғайтты

Ақтау порты арқылы мұнай жөнелту көлемі артты / kursiv.media

Ақтау порты арқылы жөнелтілетін Қазақстан мұнайының экспорттық көлемі 287 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76 мың тоннаға артық көрсеткіш.

«ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнайдың экспорттық көлемі өткен айда ұлғайды.

«2024 жылдың қаңтарында Ақтау порты арқылы тасымалданған қазақстандық мұнай экспортының көлемі 287 мың тоннаны құрады. Атап айтқанда Ақтау портынан Баку портына қарай мұнай тасымалдау көлемі 60 мың тоннаға артып, 116 мың тоннаны құрады. Ақтау портынан Махачкала портына 171 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді, бұл 2023 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштен 17 мың тоннаға артық», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

2023 жылдың қаңтар-ақпан айында 325,9 мың тонна қазақ мұнайы Ақтау порты арқылы Махачкала порты бағытына жөнелтілді. Одан ары қарай мұнай «Махачкала – Тихорецк – Новороссийск» мұнай құбырымен тасымалданады.

«2023 жылдың қаңтар, ақпан айында «ҚазТрансОйл» АҚ 325,9 мың тонна қазақстандық мұнайды Махачкала порты бағытында, одан әрі қарай «Махачкала – Тихорецк – Новороссийск» мұнай құбырымен айдау үшін Ақтау порты арқылы жөнелтті», делінген хабарламада.

Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан Ресей Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім аясында жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырды. Осыған сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кен орнынан «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдауға келісті.

Бұған дейін үкімет Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейту жобалары жүзеге асырылып жатқанын жариялады. Сонымен қатар ККҚ-ның қазақстандық бөлігінің өткізу қабілеті жылына 54 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін артқаны туралы ақпарат таратты.

Алдағы 2 жылда Транскаспий бағытымен мұнай тасымалдау 3 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Соңғы уақытта мұнай тасымалын әртараптандыру өзекті болып тұр. Еуропаға бағытталған мұнайды Ресейді айналып өтіп тасымалдау жолдары өзекті.

2023 жылы наурыз айында Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша тасымалдау үшін Әзірбайжанға мұнай жөнелтуді бастайтыны мәлімдеді.